Көне түрк бітік жазулар

Жалпы мәлімет

Көне түрк бітік жазу: VII-XII ғғ.   

Türük bitig > Түрүк бітіг //бітік - көне түрктердің төл жазуы. Ол ежелгі таңбалардан (графемдік) бастау алып, 40 таңба әріптен құралған. Көне түрк тілінің табиғатын дәлме-дәл таңбалай білген «фоно-морфемдік» жазу әрі көптеген түрк диалектілерін бір емлеге бағындырған әмбебап таңба әріпті жазу болып табылады. Түрк бітіктің фонологиялық құрылымы  дауысты, дауыссыз дыбыстардың дара және буынды оқылымымен ерекшеленеді.

Түрк Елінде түрік бітік арқылы бұйрық беру, жарлық шығару, үкім айту, мөр-таңба басу, елші жіберу, хат алмасу және т.б. мемлекеттік маңызды іс-құжаттар жүргізіліп отырды. Қағанның алтынмен апталған таңба-мөрін сақтаушысы–«tamγačï>тамғачы», «алтын тамған тархан», ал іс-құжат хатшысы – «bitikči>бітікші» деп аталды. Ел тарихы қағандардың бұйрығымен ұрпаққа аманат ретінде түрік бітікпен қағазға хатталып, тасқа «мәңгі» (beŋgütaš>беңгүташ) бітіктастарда (bitigtaš>бітіктас) басты. «Мың жылдық түмен күндік бітік жазуыммен біліктілігімді бекем тасқа қашадым» дейді ер жүрек түріктер. Барлық түрік тектес этностарға ортақ әрі түсінікті түрік бітік тез арада ұланғайыр аймаққа кеңінен таралып әмбебап жазуға айнала білді.

Түрк бiтiктiң кеңiстiк аумағы бүгiнгi  Моңғолиядан бастап Алтай, Тува, Хакасия – Енисей, Абақан, Кем өзені, Бурятия – Байкөлi, Лена, Саха, Шығыс Түркiстан – Тұрпан ойпаты, Дунхуань, Миран, одан Қазақстан – Ертiс, Талас, Iле, Сыр, Едiл, Жайық өзендерi, Ферғана, одан ары Солтүстiк Кавказ, Шығыс Еуропаны қамтиды. Бұл бүкiл Еуразия құрлығын алып жатқан орасан зор аймақ екені белгілі. Көне түрк бітігі бүгінгі түрк тектес этностардың байырғы рухани мәдениетінің куәсі әрі ортақ мирасы болып табылады. Демек көне түрк бітік – дүние жүзі өркениетіндегі шоқтығы биік ірі мұралардың бірі. 

Тарихи деректанулық тұрғыдан «Орхон ескерткіштері» оның ішінде  Білге қаған, Күлтегін, Тонықұқ, Ел етміш қаған (Мойынчұр, Тариат ескерткіші), Тэс, Сужи және т.б. бітіктастары мен ескерткіштерінде Орталық Азия тарихына байланысты мол деректер бар.  Ал, Енисей, Талас ескерткіштерінде тарихи оқиғалардан гөрі эпитафиялық сарындары басым.Тұрфан, Мираннан табылған нұсқаларда діни мазмұнды мәтіндер көптеп жазылған.

Қазір Еуразия көлемінде түрік бітікпен бәдізделіп өрнектелген 700-ден астам ірілі-кішілі бітіктас, ескерткіштері, жартастағы мәтіндері тіркеліп отыр.


Пікір қалдыру