Моңғол дәуірінің бәдіздері (XIII-XIV)

Жалпы мәлімет

Көне түрік  бәдіз жасау дәстүрі, одан кейінгі кезеңдерде  моңғолдарда жалғасын тапты. Олардың көпшілігі,  қазіргі Моңғолияның шығыс оңтүстік аумақтарында анықталған. Жалпы,  моңғолдарда  бәдіз  қашау дәстүрі болғандығы  туралы  алғашқы пікірді В.В. Бартольд 1921 жылы ұсынған  болатын [Бартольд, 1966, 377-396].

«Дариганга тасмүсіні» деген  ерекше бітімді бәдіздердің бірсыпырасының 17 данасын алғаш рет В.А.Казакевич 1927 жылдары анықтап, әуелі  көне түрік дәуіріне,  одан кейін 1934 жылғы зерттеулерінде кидандарға қатысты деген болатын.  Ал, 1927 ж. А. Амстердамская Хэнтий аймағы Өндөрхаан сұмыны  жергілікті тұрғындары  «Гэлэн чулуу» деп аталатын  орындыққа отырған бейнелі бәдізді зерттеді.

Моңғолия ҒА-ның  Тарих институты тарапынан  1961 ж. ұйымдастырған   экспедиция тобы Н.Сэр-Оджав, Д.Дорж, В.В. Волков  Сүхбаатар аймағындағы  9 сұмынындағы бәдіздерді зерттеп, жаңа бірнеше бәдізді тапқан еді.  Олардың ғылыми есебінде: «...бұл  тасмүсіндер  көне түрік дәуірінен  кейінгі кезеңдерге қатысты деген пікірді жан-жақты зерттеуіміз  керек» делінген.

Сондай-ақ,   археолог Х.Пэрлээ  Өвөрхангай аймағы жеріндегі бірнеше бәдіздерді зерттеп, ол бәдіздерді жергілікті халықтың ежелден  кие тұтып құрметтеп келгендігі жайында   қызықты мақала жариялады.  Сонымен қатар,  тарихшы Г.Сүхбаатар аталмыш бәдіздерді  Тоба дәуіріне қатысты деді,  ал  Д.Наваан, С.Г.Кляшторный шығыс Моңғолиядағы бәдіздерді зерттегені туралы  мақалалар жариялады.

Этнограф ғалым Л.Л. Викторова 1967-1969 жылдары Шығыс Моңғолияда зерттеу жүргізіп, 1980 жылы аталмыш бәдіздердің шапан, бұрым шаштарының ерекшеліктеріне негіздеп  моңғол дәуіріне қатысты,  XIII-XIV ғасырларға тән моңғол типті деген пікір ұсынады  [Викторова, 1980, 39 б.].

Д. Баяр жетекшілік еткен экспедиция  1981-1985 жж. Сүхбаатар аймағы  Дарьганга, Наран, Онгон, Эрдэнгэцагаан, Баяндэлгэр, Асгат, Халзан сұмындарындағы 53 бәдізді зерттеп,  бұдан 23 жаңа бәдізді тауып анықтады   [Баяр, 1985, 158 б.].  Ол 69 бәдіздің  ғылыми сипаттамасын жасап,  бас киім, киім кешек үлгілері,  белдік, шаш бұрымдары, отырған орындық  және басқа тұстарын  жан-жақты салыстырмалы зерттеу жүргізіп,  оларды моңғол типті  бәдіз XII- XIII ғасырларға қатыстылығын дәлелдеді  [Баяр, 2002]..

Моңғол дәуірінің  бәдізді ғұрыптық кешендері дөңгелек пішінді 3-12 мшеңберлі тас үйінділерден жасалынған, ал  бәдіздердің көпшілігі отырысты, бір қолында тостаған ұстаған, жалпы бас киімді  тұлғасында  бейнеленгенімен ерекшеленеді.

Ғылыми әдебиет

Викторова Л.Л.  Монголы. Происхождение народа и истоки культуры. –М., 1980.-224с.

Баяр Д. Каменные изваяния из Сухэ-баторского аймака // Древние культуры Монголии. –Новосибирск, 1985. –С. 148-159.

Мэнэс Г. К археологической характеристике северо-восточной и западной групп каменных статуи монгольского времени // SA, T. XV, f. 8. -Улаанбаатар, 1995, 73-86

Баяр Д. Монголчуудын чулуун хөрөг XIII-XIV зуун. -Улаанбаатар, 2002. -256.    

Цэвээндорж Д., Баяр Д., Цэрэндагва Я., Очирхуяг Ц.   Археология Монголии. - Улаанбаатар, 2008. - 239.

Пікір қалдыру