Тарихи нумизматикалық анықтамалық сөздік

Жалпы мәлімет



Абдалмалик бин Нух  – Саманид әулетінің Абдалмалик бин Нух II  954-961 жж., Абдалмалик бин Нух II  998-999 жж. билік құрған.

Абдул-ахад - Бұқарада  1885-1910  жж. билік жүргізген әмірі.

Абдулла хан- Жошы ұлысының  1360-1370 жж. билік құрған ханы. Оның лақабы  «Сұлтан әділетті Абдулла хан ». 

Ақтөбенің нумизматикалық кешені  – қазіргі Қазақстанның  Жамбыл облысы Ақтөбе қалашығынан табылған нумизматикалық деректер. Профессор У. Х. Шәлекенов 1974-1976 жылдары Ақтөбе қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізген. Археологиялық қазба зерттеулері барысында  1976 жылы  аталмыш  қалашықтан  Қарахандықтар (IX – XII ғғ.) дәуірінің мыс тиын көмбесі табылған. Ол көмбеде  қыш құмыраның ішінде барлығы 2145 дана тиын болды. Тиындар қатты тоттанған, арабграфикалық мәтіндері сақталынғаны 812 дана болды,  олар ҚР МОМ қорында сақтаулы. Қалған фелс тиындары музейдің  ғылыми көмекші қорында сақтаулы. Оңтүстік Қазақстандағы  Ақтөбе қалашығы  қарахандықтар дәуірінде  тиын соғатын орындарының ірі  бір орталығы болғандығын көрсетеді.

Арслан хан Мансур- Қарахан мемлекетін 1017-124 жж. билеген. Арслан хан Елек

Бердібек хан- Жошы ұлысының  1357-1359 жж. билік құрған ханы. Оның лақабы  «Сұлтан әділлетті Бердібек хан». 

Боғра Қара хан - арабша лақабы Абдил Карим, әл-Мәлік әл-мұзаффар Боғра Қара хан  920-956 жж. Қарахан мемлекетінің билеуші.

Бухархудат  тиындары – Бұхаралық соғдыны билеушілері IX-X ғасырларда сасанид патшасы Варахранның драхмасы үлгісінде күміс қоспасы әр түрлі металдан  соғып шығарып тұрған  муссайаби, мухаммади, гитрифи  дирхемдері. 

Бұйан Құл – Шағатай мемлекетін  1348-1358 жж. билік жұргізген ханы.

Бұхара хандығы  -  Әмір Темір  мемлекетінен кейін  қазіргі Өзбекстан мен Тәжістан жерінде 1500 жылдан -1920 жылға дейін болған хандық.. Бұқара әмірлері Абд-әл-Азиз (1540-1549жж.), Яр-Мұхаммед (1549-1553жж.), Бурхан-сұлтан  (1553-1557жж.) және басқалар. Бұқара хандығы 1785 жылы Бұқара әмірлігі деп аталды. Ал, 1868 жылы  Ресей империясына вассальды болып, 1920 жылы Бұқара Халықтық  Кеңестік  Республика атанды, көп ұзамай 1924 жылы Бұқара халықтары ұлттық этнотектілігіне қарай Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстанға бөлініп орналасты.

Бұхара хандығының тиындары  - (шейбанид, астрахан, жанид,  маңғыт) Бұқара әмірлері  тарапынан шығарылып тұрған  күміс, мыс тиындар.

Елхан әулеті  (Құлағұ әулеті)  - Шыңғыс қағанның немересі Құлағұ  (1256-1260 жж.),  және оның ұрпақтары  XIII-XIV ғғ.   Иран, Ирак, Әзербайжан, Түркіменстан, Кавказ, Кіші Азия бөліктерінде  билік жүргізген. Сонымен қатар Грузия, Кипр, Кония, Киликия секілді хандықтар бағынышты болды.

Елхандар  дәуірінің тиындары -  Елхан Құлағұ мен оның ұрпақтары тарапынан шығарылып тұрған алтын, күміс, мыс тиындар.

Жанибек- Жошы ұлысының  1341-1357 жж. билік құрған ханы. Оның лақабы  «Сұлтан әділлетті ағзам Жәнібек хан // Сұлтан әділлетті Жалал-ад-дин Махмұд Жәнібек хан». 

Жанид әулеті – Бұқара хандарының астархан  әулеті (1599-1753жж.). Орыстар XVI ғасырда Астрахан хандығын жаулап алған соң,   астрахан билеушісі  Яр-Мұхаммед ұлы Жанды  Бұқара билеушісі шейбанид Ескендірдің қызымен үйлендіріп, сол некеден туған Баки-Мұхаммед және оның ұрпақтары, II Абдаллахтың мұрагері болып Самарқанд, Бұқара, Ферғана, Бадахшан, Балхты XVII ғасырға дейін  билеген.

Жанид тиындары- жанид әулеті атынан 1599-1785 жж. шығарылып тұрған күміс, мыс тиындар. Олардың ішінде атақтылары : Имам кули (1622-1164жж.), Абд-ал-Әзиз (1645-1680жж.), Убайдуллах (1702-1711жж.) хан дәурінде соғылғандар.

Жапония тиындары – Жапония мемлекетінің  1871-жылдан бері шығарып келген «иен» аталатын әр түрлі үлгідегі алтын, күміс, мыс тиындары және қағаз банкнот ақшалары.

Жоңғар хандығының тиындары – Хунтайшы Батыр 1635 ж.  ойраттардың одағын құрып Жоңғар хандығының негізін қалады. Бұл хандықтың жер аумағы   қазіргі  Ертіс өзенінің  жоғарғы ағысы, Балхаш көлі, Тәңірі тауы мен Шығыс Түркістан (Шынжан) өлкесін қамтыды. Жоңғар хандығының ханы Цэвээн Равдан (1691-1727 жж.)  Шығыс Түркістан және   Яркенд хандығын (Оңтүстік Шынжанды)  жаулап алған соң, өзінің атынан мыс тиындарды соқтыртып жасатқан. Оның ұлы  Галдан Цэрэн (1727-1745жж.) сол дәстүр бойынша мыс тиындарды соқтыртып шығарған. 1757 жылы Манжұр-Цин патшалығы Жоңғарияны толық жаулап алған соң, аталмыш мыс тиын соғу ісі тоқтатылған. Жоңғар мыс тиындары тәркіленіп ерітуге жіберілді, оның орнына қытайлық тиындар соғылатын болды. 

Жошы ұлысы («Қыпшақ ұлысы, қыпшақ хандығы», «Алтын-Орда мемлекеті») –  Шыңғыс  қағанның үлкен ұлы Жошының (1184-1227 жж. )  билігінде әуелі Дешти Қыпшақ даласы (Қазақстанның  орталық, солтүстік және батыс аумағы) құрылған мемлекет. Жошы хан 1224-1227 жылдары билік құрған.  Батұ хан  (1227-1255жж.) кезінде Жошы ұлысының  жер аумағы одан ары ұлғайып, Ертістен Днепрге, Болғардан Қырым, Кавказға,  бұрыңғы Хорезм жері   Сырдарияның төменгі ағысына дейін жеткен еді (қазіргі Ресейдің батыс және оңтүстік бөлігі, Шығыс Украин, Молдавия, Өзбекстан мен Туркменстан) .    Жошы ұлысының бас ордасы Орда-Базар (қазіргі Жезқазған қаласы маңы), одан Сарай- Батұ (қазіргі Астрахан қаласы маңы), XIV ғасырдың жартысынан Батұ ханның інісі Берке хан (1225-1266 жж.) кезінде  Сарай-Берке  болды (қазіргі Волгоград қаласы маңы). Сарай Берке қаласы Өзбек хан (1313-1341жж.) тұсында Сарай-әл-Жадид деп аталды. Бұл ұлыстың негізгі құрамында көшпелі қыпшақтар, сонымен қатар басқа көптеген ұлт-ұлыстардың өкілдері болды. 1312 жылдан ислам дінін таралған. XV ғасырдан «Алтын орда» (орыс тарихнамасында «Алтын орда» деп аталып кеткен) ыдырай бастады. Жошы ұлысы кейінірек «Қыпшақ ұлысы» деп те аталды. Мұнда Сарай Батұ, Сарай Берке, Үргенч, Азақ, Болғар және басқа да көптеген сауда керуендерінің ірі ірі қалалары болды. Әр бір қалада тиын соғатын орындар болды.

Жошылық тиындары  -  Жошы әулеті тарапынан XIII-XIV ғғ.  шығарылып тұрған күміс, мыс  тиындар.

Кавад I – Сасанид мемлекетінің 488-496 жж. билік құрған патшасы. Пероз II  патшаның ұлы.

Кебек хан  – Шағатай мемлекетін 1318-1326 жж. билеген хан. Ол 1321 жылы ақша реформасын жасаған. Кебек хан,  үлкен күміс дирхемдерді мемлекеттік ақша айналымына енгізді.

Келдібек хан - Жошы ұлысының  1361-1362 жж. билік құрған ханы. Оның лақабы  «Сұлтан әділлетті Келдібек хан». 

Кушан-сасанид  патшалығы ( б.з. IV ғ.) -   Кушан-сасанид мемлекетінің (б.з.б. I – б.з.V ғ.)  негізін юечжи, тохар тайплар негізін қалаған. Мемлекет құрылған жері  қазіргі Ауғанстан, Батыс Пәкістан, Солтүстік Үндістан, Шығыс Түркістан, Қырғызстан, Өзбекстанның бір бөлігі. (ҚСЭ-6 том. –А.,1975; Қазақ энциклопедиясы. 5-том.-Алматы, 2003. -160 б.)

Кушаншах Варахран - Кушан-сасанид патшалығында сасанид династиясының ханзадаларына «Кушаншах» деген атақ беріп таққа отырғызған. Олар Шахиншах Варахран I (273-276 жж.), Варахран II (276-293 жж.), Варахран III (293 ж.), Варахран IV (388-399 жж.),  Варахран V (420-438 жж.), Варахран VI (590-591 жж.).

Қажар мемлекетінің (Иран) тиындары – Иранда 1795-1925 жж. билік жүргізген қажар түрік әулеті (негізін қалаған Қажар Ага Мұхммед хан (17421797 жж.)  тарапынан шығарып түрған күміс, мыс тиындары.

Қарахан мемлекеті  – Қарахан (927-1212жж.) мемлекетінің  жер аумағы қазіргі Шығыс Түркістан, Жетісу, Мауераннахр өлкелері. Ордалары Баласағұн, Қашқар болды. Мемлекеттің негізін Сатұқ Боғра хан (арабша лақабы Абдил Карим, 920-956 жж.) қалаған.  Қарахан мемлекетінде қарлұқ, қаңлы, шігіл, яғма және тағы басқа  түрік тілдес тайпалар болды. Ислам дінін 960 ж. мемлекеттік тұрғыдан қабылдаған.

Қарахандық тиындары - Боғра хан, тамғаш, арслан хан және тегін  атынан шығарылып тұрған тиындары «қарахандық тиындар» деп аталады. Қарахан мемлекетінің Баласағұн, Тараз, Испиджаб, Қашқар,Үзген секілді қалалары жібек жолы бойындағы маңызды сауда аумақтары болған.

Қашғариядағы Рашиддин соғылымдары –   Шығыс Түркістанда 1864 жылдан бастап халық көтерілісі басталды.  Кучар, Қашғар хандығы, Хотан ислам мемлекеті, Үрімжі , Іле сұлтандығы құрылған еді.  Рашиддин хожа (Хан хожа)  Кучар қаласында 1865-1867 жылдары  күміс  тиын соқтырған.

Қашғариядағы Якуб-бек соғылымдары – Мұхаммед  Якуб бек (1822-1877жж.)  Қоқанд хандығының Ташкенттегі бегі болған. 1865 жылы  Қашғарға жіберілген. 1872 жылы Шығыс Түркістан, Жоңғарияны билікке алып  Йеттишар (Жеті шаһар) мемлекетін құрады, оны Манжұр-Циндік қытайлар 1878 жылы басып алады. Ол,  түрік сұлтаны Абд әл-Әзиз атынан  Қашғарияда  1860 – 1878 жылдары  күміс  тиын соқтырған.

Қоқан хандығы – 1571-1626 жж. Бұқара әмірінің бөлігі болды. Қоқан хандығын  1700 жылы «төре» нәсілден деп  өзін жариялаған шейбандық Шахрух бек  құрып, бүкіл Ферғананы жаулап алады. Орталығы Қоқанд қаласы ( ежелгі атауы Кавакенд)  Жібек жолы бойындағы ежелгі қала болған. Қоқандықтар 1800 жылы Ташкентті, 1820 жылдары оңтүстік Қазақстан мен солтүстік Қырғыстанның біраз бөліктерін өзіне қаратады. Ресей патшалығы Қоқан хандығын 1876 жылы жойып, өз  құрамына күшпен енгізеді. Ал, Қоқан автономиясын  1917-1918 жж. Мұстафа Шоқай басқарады, оны да большевиктер 3 айдан соң жаулап алды. 

Қоқан хандығының тиындары – Қоқан хандары тарапынан 1770-1876 жылдары шығарылып тұрған алтын, күміс, мыс тиындары.

Құлпа- Жошы ұлысының  1359-1360 жж. билік құрған ханы. Оның лақабы  «Сұлтан әділлетті   Құлпа хан».  Бұрыңғы зерттеулерде «Құлна, Құлына» деп жазылып кеткен.

Қызыр хан- Жошы ұлысының  1359-1361 жж. билік құрған ханы. Оның лақабы  «Сұлтан әділлетті  Қызыр хан».  

Қыр Болат хан- Жошы ұлысының  1391-1312 жж. билік құрған ханы. Оның лақабы  «Сұлтан әділетті Қыр Болат хан ». 

Қырым хандығы – Қырым татарларының «Қырым йұрты» деп аталатын мемлекеті (1441-1783 жж.). Оның жер аумағы қазіргі Ресейдің Краснодар өлкесі,  Дунай мен Днепр өзені аралығында болды. Орталығы Қырым, Бақшасарай (1428ж.) қаласы болды.  Бұл хандық 1478 ж. Осман мипериясының  ресми одақтасы болды, 1783 жылы Ресей империясы тарапынан жаулап алынған.

Қытай тиындары – Қытайдың алғашқы тиын үлгілері   теңіз қауыршағы, кетпен, пышақ секілді болды.   Қытайлық  Чжоу (б.з.д - XIIII ғғ.), Цинь, Хань,  Цзинь (IV-VI ғғ.),   Суй (581-618  жж.) , Таң  (618-907 жж.) , Сун (960-1279 жж.), Юань (1280-1368 жж.), Мин (13681644 жж.) мемлекеттері, Манжұр-Цин патшалығы (1645-1911 жж.),  Қытай Республикасы (1911- 1945 ж.) , ҚХР (1949 ж.)  кезеңдерінде шығарылған тиындары.

Манжуго тиындары  Жапон әскерилердің   1932-1345 жж. Манжұрияда  құрған  уақытша мемлекеті. Оның астанасы Синьзин қаласы болған. Аталмыш кезеңдерінде манжұрлар біршама жаңа тиындарды шығарып тұрған.  Манжуго мемлекетінің басшысы болып бұрыңғы Манжұр-Цин империясының соңғы патшасы манжұр тектес Пу-и болды. Кеңес Одағы мен Жапония аралығындағы соғысында Манжуго басшысы Пу-и 1945 ж.  тұтқындалып, ал ол басқарған мемлекет ҚХР-на 1949 ж. күшпен енгізілген.   

Манжұр-Цин патшалығы тиындары-  Манжұр-Цин патшалығы 1645-1911 жж. шығарылып тұрған күміс, мыс тиындары.

Меңлі Керей -  Қырым хандығын 14911515 жж. билеген ханы. 

Моңғол империясы -   Еуразяидағы ең ірі көшпелілердің империясы (1206-1368 жылдары). Оның негізін моңғол тілдес қият-боржығын руының Есүкей батырдың ұлы Теміжүн қалаған. Ол 1206 жылы Шыңғыс қаған аталған. Моңғол империясының жер аумағы бүкіл еуразия кеңістігі болды. 1219 жылы Шыңғыс қаған әскерлерінің қолбасшысы Жебе, Сүбедей   Хорезм шахқа қарсы жорық жасап, Жетісуды одан, Отырар, Сығнақ, Хоженд, Қоқанд, Ферғана, Женд, Ургенч, Самарқанд, Бұқара секілді қалаларды бағындырды.

Моңғол империясы дәуірінің тиындары – Шыңғыс, Мөңке қағандар атынан шығарылып тұрған алтын, күміс, мыс тиындар.

Моңғол Халық Респубикасының тиындары – 1925 -1990 жж.  шығарылып тұрған «мөнгө» (күміс) аталатын күміс, мыс тиындары мен қағаз банкнот ақшалары.

Мөңке хан - Моңғол империясының 1251-1259 жж. билік құрған қағаны. Шыңғыс қағанның  немересі. Тұлұйдың ұлы. 

Музаффар ад-Дин -  Қажар мемлекетінің шахы (18521907 жж.),  Насыр-ад-дин шахтың ұлы.   

Мурид хан- Жошы ұлысының  1361-1364 жж. билік құрған ханы. Оның лақабы  «Сұлтан әділлетті Мурид  хан». 

Мұхаммед   Молла - Қоқанд хандығын 1858-1862 жылдары   билеген. Оның атағы: Сейд Мұхаммед Молла баһадүр хан.  Осы ханның атымен алтын, күміс және мыс тиындар Қоқанд қаласында соғылып тұрған.

Насыр бин Али -  Қарахан мемлекетін 1002-1017 жж. билеген.

Наурыз бек хан- Жошы ұлысының  1359-1360 жж. билік құрған ханы. Оның лақабы  «Сұлтан әділлетті Наурыз  бек хан». 

Нидерландылық Үндістан тиындары –  Нидерландияны Үндістанның жарты аралындағы 1605- 1825 жж.  болған  колониясы  кезіндегі күміс тиындары.

Осман империясының тиындары- оғыз-селжүктердің құрған,   Анадолы, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Балкан жарты аралдарын және Еуропаның біршама жерлерін  иеленген алып империя болды (1299-1923 жж.). (« Дәулет-и алийе-Османие» -Осман ұлық мемлекеті).  Осман патшалары тарапынан шығарылып тұрған алтын, күміс , мыс тиындары. Тиындарда «тұғра»

Өзбек хан - Жошы ұлысының  1313-1342 жж. билік құрған ханы. Тоқтоғұ ханның ұлы.  Оның лақабы  «Сұлтан ағзам Мұхаммед Өзбек хан».  

Сайд Мұхаммед -  Хиуа хандығын 1856-1873жж. билеген ханы.

Саманид  мемлекеті  - Иран, Орта Азяида 819-999 жж. билік жүргізген Саман-худат атауымен аталған династия. Саманид әулеті Мауареннахр, Хорасанды биледі, көп ұзамай Бағдатқа да бағынбайтын тәуелсіз болды. Қарахандықтар Бұқараны 999 ж. жаулап алған соң Саманидтер әулетінің Мансур II (997—999)  кезінде аталмыш мемлекет  тарих сахынадан ысырылды.

Саманид  тиындары -  Саманид әулеті тарапынан шығарылып тұрған күміс, мыс тиындар.

Сарайшықтың  нумизматикалық кешені – Қазақстанның Атырау  қаласынан 50 шақырымдағы Жайық өзені бойында орналасқан Сарайшық қалашығынан жиналған нумизматикалық кешені. ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бері қала аумағында, негізінен ҚР БжҒМ  Ә. Қ. Марғұлан атындағы Археология Инситутының З.Самашев жетекшілік еткен Батыс-Қазақстан археологиялық экспедициясының қазба зерттеулері барысында қордаланған алтын, күміс, мыс тиындар коллекциясы.  Сарайшық қаласында жүргізілген зерттеу  жұмыстары барысында қаланың мәдени көп қабаттарынан табылған тиындардың саны мыңнан астам нұсқа. Бұдан басқа бірнеше көмбе 8-20 смтереңдіктен табылған. Сарайшықтың нумизматикалық кешені  XIII-XVI ғасырлардағы  Жошы ұлысының, кейін оның орнында бой көтерген әртүрлі  мемлекеттердің саяси, экономикалық және тарихи-мәдени  үрдістерін зерттеуде маңызды деректер. Олар Сарай,  Сарай әл-Жадид, Сарай әл-Махрус, Үкек, Гүлістан, Бұлғар, Қырым, Азақ, Сығнақ, Орды Базари, Самарқанд, Орды, Йезд, Тебриз, Хорезм, Ордұ әл-Муаззам, Қажы Тархан, Сарайшық және басқа да  25 қаласының тиын соғатын орындарында соғылып шыққан өнімдер. Олардың ішінде,  Сарайшықтың өзінде соғылып шыққан тиындары  бар. Сарайшықтан табылған күміс , мыс тиындары Тоқтоғұ  (1290-1312ж.) ,  Өзбек (1313-1341ж.),  Жәнібек  (1341-1357ж.) Бердібек (1357-1359ж.) , Құлпа (1359-1360ж.),   Наурыз (1359-1360ж.),  Қызыр (1359-1361ж.) ,   Келдібек (1361-1362ж.) Мурид (1361-1364ж.), Қайыр Болат (1362-1363ж.) Абдаллах (1360-1370ж.), Әзиз-шейх  (1365-1367ж.),  Тұлынбек  (1371-1372ж.) ,  Ұрыс (1370-1385ж.), Әмір Темір (1368-1405ж.),  Тоқтамыс (1376-1395ж.) хандардың соғылымдары , сонымен қатар  1396-1476 жылдардағы, Меңлі-Керей (1476-1515ж.), 1515-1600  жылдардағы әр түрлі хандардың соғылымдары болып табылады. Қазақтың алғашқы хандарының бірі Қасым хан  билігі тұсында (1511-1521 жылдары) оның мемлекетінің құдыреті күшейді. Каспийдің және  Жайықтың даласы, оның территориясына енді, хандықтың  ордасы да бір мезгіл Сарайшық болды. Қасым хан  тарихи деректер бойынша Сарайшықта дүние салды, осында жерленді. Қасым ханның мұрагері Хақназар (1538-1580ж.)  хан кезінде 1568 жылы Қазақ хандығының құрамында Сарайшық  болды. (Қосымша мәлімет: З.Самашев, Р.Бурнашева, Н.Базылхан, В.Плахов. Сарайшық тиындары. Монеты Сарайчика. Saraichik coins. -Алматы, 2006. -184.)

Сасанид  тиындары  - Сасанид патшалары алтын,  күміс, мыс драхмаларды  соқтырып сауда айналамына шығарып тұрған. Орта Азияда VI – VII ғасырлар аралығында Сасанид күміс драхмалары кең таралды. Бұларға Сырдарияның орта ағысында орналасқан Отырар алқабына белгілі болған Оңтүстік Қазақстанның Шойтөбе және Құйрықтөбе қалаларының орнында табылған шахиншах Хосров II тиындары дәлел болады.

Сасанид мемлекеті -  Таяу және орта Шығыста  Парфян мемлекетінің орнына 227 -652 жж. құрылған парсы тектес мемлекет.   Мемлекетінің атауы парсы патшасы  I Ардаширдің атасы  Сасанмен байланысты. Сасанид әулеті өз мемлекетін «Эраншахр(иран мемлекеті)» деп атайды.   Ардашир I патшаның мұрагерлері Шапур I, Шапур II патшалары  бүкіл иран жерін біріктіріп, Рим, Византия мемлекеттерімен тығыз байланыста болды. Зороастризм мемлекеттік ресми діні болды. V ғ. шығыс, солтүстік жақтағы  хионит секілді тайпалармен, сондай-ақ  эфталиттермен болған соғыстарда жеңіліске ұшырайды. VI ғ. орта тұсында арабтар сасанид мемлекетін жаулап алады.

Темір әулеті  тиындары – Темір,  Темірдің ұлы Шахрух (1405–1447), немересі Пір-Мұхаммед (Жиһангердің ұлы)  және басқа да билеушілері тарапынан шығарылып тұрған күміс, мыс тиындары.

Темір мемлекеті -  Орталық Азия мен Кавказда құрылған  ірі держава (1370-1405жж.). Оны құрған әлем тарихындағы  ірі жиһангер қолбасшы Темір (1336 -1405жж.). «Темір, Ақсақ Темір, Темарлан, Темарланк, Тимур шах» деп әр түрлі атайды. Барластың Тарағай руынан  (Timur bin Taraγay Barlas) Шыңғыс қаған әулеті төрелердің күйеуі.   Темір және оның  әулеті  Мауараннахр мен Персияны, Ауғанстан, Әзербайжан, Бағдатты биледі.

Темір Хожа хан- Жошы ұлысының  1391-1312 жж. билік құрған ханы. Оның лақабы  «Сұлтан әділетті Темір Хожа хан». 

Тоқтоғұ хан – Жошы ұлысының  1291-1312 жж. билік құрған ханы. Оның лақабы  «Сұлтан әділлетті ағзам гийас-ад-дин Тоқтоғұ хан». 

Тухус тиындары  - тухустардың көне соғды жазуымен шығарылып  тұрған мыс тиындар.

Түргеш мемлекеті. 699-766 жж.  Көне түрік бітік тілінде türgeš-түргеш  деп аталған. Көне түрік империясының (V-IX ғғ.) батыс қанаты аумағында құрылған түрік тілдес мемлекет. Батыс қанат яғни Он оң елінің құрамында Орта Азия, Жоңғария, Шығыс Түркістан жері толығымен  болатын.  Мұнда «дулу, нушиби» тайпалар одақтары мекендеген. Жер аумағы Жетісу өңірі Іле, Шу, талас өзендері бойы,  Шаш (Ташкент),  Бешбалық, Тұрпан болды. Орталығы – Суяб, Баласағұн  қаласы.

Түргеш тиындары -  Түргеш хандары атынан көне соғды жазуымен шығарылып  тұрған мыс тиындар. Бұл тиындар қазіргі Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан аумақтарынан молынан табылып келеді.

Хайдар – Бұқарада  1800-1827  жж. билік жүргізген әмірі.

Хорезм  тиындары- хорезмшахтардың атынан шығарылып тұрған күміс, мыс тиындар.

Хорезм мемлекеті – Ахменид (б.з.д.-VIғ.), селевкид,  патшалықтарына бағынып келген еді.. Хорезм б.з.д. IV – б.з. I ғғ.  қала, егіншілік, сауда саттық дамыған жібек жолындағы ірі дерважаға айналады. Кушан патшалығының құрамында (б.з.I-II ғғ.) болады.  Тек ғана III ғасырларда  Хорезм дербес мемлекет ретінде өмір кешеді. Сол кездерде ежелгі хұннұлармен тығыз одақтастық құрады.  Хорезм VII ғасырларда араб халифатының қол астына өтеді.  Көп ұзамай  XI  ғасырда селжүк сұлтаны Мелик шахтың  қызметшісі Ануш-тегін Хорезмді билеуші болып тағайындалады. Оның ұлы Кутб-ад-дин Мұхаммед (1097-1128жж.) алғаш рет «хорезмшах» деген атақпен  билік жүргізеді. Хорезмшах Ил-Арслан 1157 жылы Хорезмді селжүктерден  тәуелсіз етеді. Хорезмшах Ала-ад-дин Текеш (1193-1194жж.) мен оның ұлы Ала-ад-дин Мұхаммед (1200-1220жж.) кезінде Хорезм ірі мемлекетке айналады, батыс иран, шығыс иракты билейді, одан қара-қытайлықтар билігіндегі  Бұқара, Самарқанд, Отырарды жаулап алады, Ауғанстанның Газни, Әзербайжанды билейді. 

Хорезм Халықтық  Совет Республикасы (1920-1924 жж.) -   Хиуа хандығы жерінде құрылған, орталығы Хиуа қаласы болды. Көп ұзамай республика халқы  ұлттық этнотектілігіне қарай 1924 жылы Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақ құрамына бөлшектеніп енгізілді.

Худайар Мұхаммед   (3-билігі) - Қоқанд хандығын 1865-1875 жылдары     билеген Мұхаммед Худайар ханның 3-билігі. Оның атағы: Сейд Мұхаммед Худайар хан.  Осы ханның атымен алтын, күміс және мыс тиындар Қоқанд қаласында соғылып тұрған. Сейд Мұхаммед Худайар ханның 1-билігі 1844-1858 жж., 2-билігі 1862-1863 жж. болған.

Шағатай ұлысы – Шыңғыс қағанның екінші ұлы Шағатай (1225-1242) негізін қалаған және оның ұрпақтары билік жүргізген мемлекет. Жер аумағы қазіргі Шығыс Түркістан, Қазақстанның оңтүстігі, Хорезм, Мауараннахр, Ауғанстан, Балх болды.  Ал Мауарранахрдың әуелгі билеушісі Махмұд Ялабашы (1225-1238 жж.) болған еді. Шағатай ұлысының маңызды орталықтары  Жетісуда Ұлық-үй,  Алмалық (қазіргі Құлжа), Самарқанд және Ақсу болды. Шағатай 1242 жылы қайтыс болған соң орнына немересі  Қара Құлағұ хан болғанымен 1246 жылы ұлы хан Күйік  Шағатайдың  бесінші ұлы Есөнмөңкені хан тағына отырғызады.  Мөңке хан таққа  отырған 1251 жылғы құрылтайдан соң ол  оған қарсы шағатайлықтарды жазалап, ұлысты Мөңке мен Батұ бөлісіп билеген. 1260 жылы шағатайлық Алғұ хан мемлекеттік билікті қайтадан алған.   Шағатай мемлекетінің  Мубарек, Борак билігі тұсында ресми діні ислам  болды. Кебек хан (1318-1326 жж.) жүргізген әкімшілік әрі экономикалық реформалар біршама өзгерістер әкелді. Дегенмен Шағатай мемлекеті 1340 жылы Моғолстан, Мауараннахр деген екі хандыққа бөлінді.

Шағатайлық тиындары – Шағатай хан ұрпақтары тарапынан шығарылып тұрған алтын, күміс, мыс тиындар.

Шахин Керей бин Ахмет Керей хан - Қырым хандығын 17771783 жж. билеген соңғы ханы. 




Пікір қалдыру