Білге қағанның алтын тәжі

Жалпы мәлімет

Көне Түрк империясында  қаған билік иесінің ресми атрибуттарының бірі алтын тәж болды. Қағанның арнайы  билік рәміздері  – бес сайлы бөрік,  құс бейнелі алтын тәж, алтын мөр-таңба, бөрі басты ту-байрақ, алтын киіз үй, алтынмен апталып , күміспен көмкерілген  зат бұйымдары болды. Тегіндердің, әскери қолбасшылардың лауазымдық дәрежесіне байланысты  құс бейнелі  этносимволдық белгілері болғандығын  археологиялық деректер растайды. 




Ғылыми зерттеулер

Моңғол археолог ғалымы Д. Баяр және түрк археолог Хасан Бахардың  жетекшілігімен  2000-2001 жылдары Білге қаған ескерткіш кешенінде Моңғолия-Түркия бірлескен  археологиялық қазба  зерттеулері жүргізілді.

  Археологиялық қазба жұмыстары  барысында «құрбандық» деп аталатын төртбұрыш текше тастың  солтүстік жағында 170 см  жерден гүл өрнегі бар  төрт қапталды   "сандық" тас табылды. Осы жаңадан табылған "сандық"  тас пен ортасында тесікті текше тас  екеуінің арасындағы жерден   2001 жылғы қазба  зерттеу жұмыстары барысында топ-тобымен көмілген қымбат асыл  бұйымдар көмбесі табылды. Бұл Түрк қағандар, бекзаттардың ескерткіш кешендерін  зерттеуде бұрын-соңды кездеспеген таңғажайып  табылымдар. Аталмыш бұйымдар 40 х 80 см х 30 см алаңды топырақ қабатында бос қойылып көмілген екен. Бұдан жалпы саны  17 түрлі  1878  дана күміс бұйым,  20 түрлі  78 дана алтын бұйым, 6 түрлі  26 дана асыл тас табылды.

Осы табылымдар ішінде жұқа алтынмен гүл өсімдік бейнелі ою бедерлеп жасаған асыл тас орнатып,  бес сайлы (жапырақты) етіп көмкерілген  алтын тәж ерекше қызықты бұйым екендігін  айрықша атап өткен жөн.

  Алтын, асыл тастармен көмкерілген  тәждің биіктігі- 9,8 см, ұзындығы - 25,7  см, салмағы - 80,7 г.


Ғылыми әдебиет

Moğolistandaki Türk Anıtlari Projesi 2000 Yili çalısmaları, - Ankara, TIKA, 2000. - 257.

Баяр Д. , Амартүвшин Ч., Энхтөр А., Гэрэлбадрах Ж. Билгэ хааны тахилын онгоны судалгаа  // Studia Archaeologica.  Tomus  (1)XXI, Fasc. 8.  -Улаанбаатар, 2003, 75-83 т.

Баяр  Довдойн Археологические изучение поминального памятника в честь Билге кагана //  Орталық музей еңбектері , -Алматы, 2004, №1 , 214-223 б.

Баяр Д. Білге қағанға арналған  ескерткіш  кешенінде жүргізілген археологиялық зерттеулері   // «Shygys/ Шығыс» ғылыми журнал,- Алматы,  2005, №1, 115-125 б.

Пікір қалдыру