Алтайдағы түрк дәуірінің тас мүсіндері

Жалпы мәлімет

Алтай түрктерінің археологиялық мұраларының бірі тас мүсіндер. Алтайдағы түрк тас мүсіндерінің географиялық орналасу жағдайын зерттеу барысында, тас мүсінді ескерткіштерді орнату үшін тау аралық жазықтар мен үлкен өзен аңғарларын таңдағанын көруге болады. Олар: Арғұт өзені бойындағы Кеме – Кечу сайы мен Қырландын – Қыны, Аюты өзеніндегі Қыпчыл өңірін, Шағанбұрғазы мен Барбұрғазы өзендерінің өңірлерін, Шивээт – Хаирхан тауының Цагаан – Салаа өзен аңғарларын, сонымен қатар Алтайдың Катун аймағы, Уст‑Коксин мен Уст‑Сема, Ортаңғы Катун Тұрғынды, Арғұт, Енеген, Ене, Үлкен Жоламан, Күйіс және Би аймақтарында молынан шоғырланған.

Алтайлық түрк тас мүсіндерінде көбінесе қару-жарақ асынған әскери адамдар суреттелген. Қытай жылнамаларындағы «түрктер өлтірген жауларының құрметіне балбал орнатады» деген мәліметтерінен алтайлық түрктердің ата-мекенін сыртқы жауларынан қалай қорғап қалғандығын осы тас мүсіндерден көруге болады. Сол себепті де Орталық Азияның көптеген тас мүсіндері бүгінгі күнге дейін жоғары құрметке ие, тіпті жекелеген мүсіндердің атаулары да бар. Алтайдың Қос-Ағаш ауданында «Акташ» және «Кезер», Монғолияда «Даян батыр», «Увшхай», «Ловх», «Лам чулуу», Тувада «Шыңғысхан» деп аталатын адам бейнесі бейнеленген тас мүсіндер сақталған.


Ғылыми зерттеулер

Алтайдағы тас мүсіндерді алғаш Сібір археологтары С.В.Киселев пен Л.А.Евтюхова зерттеді. Мәселен, Л.Евтюхова табиғи орнында сақталған және музейлерге қойылған алтайлық 19 тас мүсінмен жұмыс жасап, ғылыми айналымға енгізеді. Аталған ғалымдардың тас мүсіндерді кезеңдеу және топтастыру жұмыстары біраз зерттеушілерге жол ашты. Кейіннен  Л.Р.Кызласов пен А.Д.Грач түрк тас мүсіндерін кешенді зерттеп ғылыми айналымға енгізеді.

Белгілі археолог, ғалым В.Д.Кубарев «Древнетюркские изваяния Алтая», атты зерттеуінде Алтай өңіріндегі тас мүсіндердің таралу аймағы туралы мол деректер береді. Зерттеушінің мәліметтері бойынша: Маймин ауданынан - 1 тас мүсін, Шебалин ауданынан - 9, Үст-Кан ауданынан - 8, Оңғыдай ауданынан - 60, Үст-Коксиннен - 8, Қос-Ағаштан-146, Ұлағаннан -20, Алтайдың басқа аймақтарынан- 4 тас мүсін табылған.

Ғылыми әдебиет


Досымбаева А.М. Батыс түрк  қағанаты. Қазақ даласының мәдени мұрасы. – Алматы, 2007 – 168 б.                                               

Шер Я.А. Каменные изваяние Семиречья. М – Л.,1966 г.

Кубарев В.Д. Древнетюркские изваяния Алтая. Новосибирск,1984 г. 149,163 сс. 

Кубарев В.Д., Кубарев Г.В. Каменные изваяния древних тюрок Южной Сибири. – Новосибирск: ИАЭТ СО РАН, 2013. -79 с.

Евтюхова Л.А. Каменные изваяния Южной Сибири и Монголии. МИА, №24. М. 1952. 66 -105 сс.

Баяр Д. VI-VIII ғғ. Евразиядағы  мұрасы (ғылыми-танымдық альбом) [Ғылыми ред. А. Досымбаева – Астана, Күлтегін, 2008. 264 б.

Жолдасбеков М., Қ. Сартқожаұлы Орхон ескерткіштерінің толық Атласы. - Астана: Күлтегін, 2005 – 360 б.

Гумилев Л.Н. Көне түрктер. М., 1994 ж.

Путишествие в восточные страны Плано Карпипи и Рубрука. Г.,1957, 96 с.

Кызласов Л.Р. История Тувы в срединие века. – М.: МГУ, 1969. -212 с.

Грач А.Д. Древнетюркские изваяния Тувы. – М.: Издательство Восточной литературы, 1961. – 96 с.



Пікір қалдыру