«Қысас ул-әнбия» («Пайғамбарлар қиссасы»)

Жалпы мәлімет

Насыреддин ибн Бурханаддин Рабғузи тарапынан Насыреддин Тоқ Бұға бекке ұсынылған «Қысас ул-әнбия» 1310 жылы жазылған. Пайғамбарлар, сахабалары жайында қисса-хикаялар, аңыздар жинағы. Рабғузидің прозалық туындысы «Қисса и Рабғузи» деп те аталады. «Қысас ул-әнбия» ескерткішінің көптеген нұсқалары бар.

Ең ескі көшірмесі Лондондағы Британия мұражайының кітапханасында  сақтаулы (№7851). Ғалымдар бұл көне қолжазбаның XV ғасырда көшірілгенін растайды. Лондон нұсқасын алғаш рет ғалым К.Гренбек 1948 ж. Копенгаген қаласында басып шығарады (Rabghuzi, Narrationes de prophetis, Kopengagen, 1948). Oсы нұсқасы 1990-1991 жылдары Ташкентте де жарияланады.

Қиссаның екінші қолжазбасы Санкт-Петербургтегі М.Е.Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасында сақтаулы. Бұл кітапханада сақтаулы қолжазба мәтіні толық емес. Санкт-Петербург қаласының Ғылым академиясы Шығыстану институтында да сақталған басқа бір қолжазбасы шамамен 1560 жылы көшірілген. Жалпы Санкт-Петербургта барлығы алты нұсқа сақтаулы.

Швеция кітапханаларында еңбектің екі нұсқасы табылған (University Library of Uppsala, Sweden, Nova 578 және 580; University Library of Lund, Sweden, Universitätsbibliothek). Париждегі Ұлттық кітапханада да ХVIII ғасырға тиеселі бір көшірмесі сақтаулы.

Әзербайжан Республикасы Ғылым академиясының Қолжазбалар институтында да 1552 жылы Mengli Hace İbn Murad İbn Saaadet Abdülhani жасаған бір көшірмесі бар.

Бұл нұсқалардан басқа «Қысас ул-әнбияның» ХІХ ғасырға тиесілі Өзбекстанда табылған жеті, сонымен қатар Қазан Мемлекеттік университетінің Ғылыми кітапханасында, Ұлттық кітапхана, Ұлттық мұражай және Тіл, әдебиет және өнер институтының мұрағат қорларында он тоғыз көшірмесі сақталған.

Ғылым әлеміне жалпы отыз бес көшірмесі белгілі. Бұл еңбектің 1859-1911 жылдар аралығында баспаханалардан шыққан жиырмаға жуық жарияланымы да бар.

Ғылыми зерттеулер

«Қысас ул-әнбия» ескерткішін алғаш рет бірнеше нұсқаларын салыстыра зерттеп, жариялаған Н.И. Ильминский болды (Кысас-и Рабгузи. – Қазан, 1859). Сол кезден бастап, Рабғузидің еңбегі жан-жақты зерттеле бастайды. П.М. Мелиоранский 1897 жылы Салих Пайғамбар туралы жеке қиссаны жариялайды. С.Е. Малов П.М. Мелиоранскийдің бұрын жарияламаған қолжазбаларды салыстырып, бірнеше қиссаны жарыққа шығарады. С.Е. Маловтың 1951 жылы ЖОО студенттеріне арнап шығарған «Көне түркі жазба ескерткіштері» еңбегінде Н.И. Ильминскийдің бастырып шығарған үзінділері де енгізіледі. Шығарманы В.В. Радлов, Н.П. Остроумов, А.М. Щербак, Э.Р Тенишев, А.Н. Баскаков, Ә.Нәжіп тәрізді түркітанушылар зерттеді.

Батыстық ориенталисттерден Я. Шинкевич, К. Гренбектің еңбектерінде құнды мәліметтер жинақталады.

Түркиялық Айсу Ата Лондон нұсқасын негізге ала отырып, факсимилесі мен транскрипциясын және сөздігін дайындап шығарады.

Қиссалар бойынша сондай-ақ Э.И. Фазылов, З.Б. Мухамедова, У. Мирзакаримова, Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, Ә. Құрышжанов, А. Қыраубаева, И. Останкуловтың еңбектері белгілі.

Ғылыми әдебиет

Şemsüddin Hüseyn. Kısas-ı Rabguzi. – Kazan, 1881.

Катанов Н.Ф. Мусульманские легенды // Записки Импер. Ак. Наук. -С-Пб., 1895. -С. 23 -44.

Мелиоранский П.М. Сказание о пророке Салихе // Сборник статей учеников проф. В.Розена. С.-Пб., 1897. - С.279-308.

Рабгузи (Наср-ад-дин). Кисас аль-Анбия (Рассказы о Пророках). – Ташкент: Типо-литография Порцевых, 1899. – 532 с.

J.Schinkewitsch. Rabguzi’s Syntax // MSOS II, XXIX, 1926. – pp.130-172

Малов С.Е. Мусульманские сказания о пророках по Рабгузи // Записки Коллегии Востоковедов. T.1.V, (в честь ак.Крачковского) - JL, 1930. -С. 507-524.

Grönbech K. Rabghuzi, Narrationes de prophetis. – Kopenhagen, 1948.

Əдеби жəдігерлер. Жиырма томдық. – Алматы: «Таймас» баспа үйi, 2008. 8-т.: Насируддин Бурһануддин Рабғұзи. Пайғамбарлар қиссасы/ Құраст.: Т.Қыдыр. – 480 бет. – (Əдеби жəдігерлер)

Пікір қалдыру