Көне түрктердің қару жарақтар мен соғыс өнері

Жалпы мәлімет

Көне түрктердің  қару-жарақтары мен соғыс өнері

            Көне түрктердің қару-жарақтары жайында археологиялық деректер мол кездеседі. Сол табылымдардан түрктерде жеңіл және ауыр қаруланған жаяу әскер ( yadaγ),  атты  әскер (atlïγ)  жасақтары болғандығын аңғарамыз. Жеңіл тобына атты  және жаяу  әскерлер жатады. Онда алдыңғы саптың шапшаң қимылды салт атты садақшылар тобы бар. Ол топ  - жаудың қалың қолына әуелі бастап шабуылдайтын, оларды қоздырып, қаша жөнеліп атысатын, соңынан жауды  ертіп,  негізгі күштердің  қоршауына  әкелетін топ болып табылады.  Кейбір ортағасырлық  миниатюраларында аттың үстінде садақ тартып бара жатқан  жауынгерлер бейнесі дәл осы топты көрсеткені.

Ал,  екінші топ, ол ауыр қаруланған негізгі соғыс күштері. Көне түрк жауынгерлер  өз денелерін және мінетін аттарын  толықтай темір сауытты етіп (kedimlig toruγ at-кежімді торы ат),  ұзын сүңгілі найза, қалқан, қылыш, садақ, шоқпармен қаруланып соғыс-жорық жасағандығы анық байқалады. Бір сөзбен айтқанда, түрк жауынгерлердің өздеріне де, мінген аттарына да жаудың оқтары өтпеген деуге болады. Бұл топ әскери қолдардың ең негізгі әрі мықты,  қуатты ауыр күштері болып саналады. Аталмыш топ бір-біріне нығыз орналасқан саптарымен,  ұзын сүңгілі найзаларымен жаудың әскерлерін түйреп шаншып, басып, таптап,  тегістеп, жайпап  өтетін  аса қуатты күштер. Бұл күшке қарсы тұратын күшті әскерлер о замандарда болмады десек артық айтқандық емес.

Қытай деректерінде «оларда мүйіз нақышты садақ, ысқырма жебе, сауыт, найза, қылыш және семсер (сияқты қару-жарақтар) бар. Адамдары атқа мықты, садақ тартуға шебер, жаратылысынан жауыз болады. ... «футу» (құты) делінетін әскери әшекей жабдықтары болады. Туларына алтын бөрінің бас бейнесін салады. Жасауыл сарбаздарын «фули» (бөрі) деп атайды,. Арғы тектері қасқырдан тарағандықтан ұмытпау үшін өздерін осылай атаған. Шақырылған әскер мен олардың ат көліктерін, салық пен әртүрлі мал-мүліктерді санаққа алғанда ағашқа кертіп белгі салу арқылы есептейді. Сонда куәлікке балауызбен қапталған алтын басты жебе беріліп, оған мөр басылады...Туцзюелерде (түрктерде) әскерге жарамдылардың санының өзі  1 000 000-ға жетеді. Солтүстіктегі варварларда мұндай қуатты күш бұрын-соңды болып көрмеген» деп кездеседі.

Көне түрк археологиясында жерлеу орындарында жүргізілген қазба зерттеулері барысында түрктердің әскери қару-жарақтары мен күнделікті қолданыстық зат-бұйымдарының бірісыпырасы табылған болатын. Онда дулыға бөліктері, ағаш садақ, сүйек қапсырмалы садақтар, қорамсақ, ысқырық жебе, үшқырлы жебе түрлері, қылыш, семсер, пышақ, қалқан, темір сауыттың бөліктері,  әшекей бұйымдар, алтын-күміс тостаған, ыдыс-аяқтар, түрлі қапсырмалар,  оттық, жібек  маталар және басқа да зат-бұйымдар көптеп табылған еді.  Демек, жазба деректерде аталатын, жартас петроглифтері мен кейбір құрылыс қабырға суреттеріндегі түрктердің киім-кешек, қару-жарақтарының археологиялық айғақтары  бар деген сөз.

Түрктердің әскери соғыс өнерлері жайында  византия, араб, қытай жазбаларында үздік-үздік мәліметтер кездеседі, толық мағлұматтар тым аз. Бұл тақырып бойынша номадологияда, түрктануда арнайы ғылыми зерттеу еңбектерінің басым көпшілігі  тарихи деректердің аздығына байланысты көбінесе қару-жарақтарға арналғандары  баршылық, ол зерттеулерде  соғыс өнері жайында біршама мәліметтер келтірілгеніменәлі де толыққанды емес, біртұтас кешенін талдау зерттеулер қажет деп білеміз.

Жалпы, көне түрк өркениетінде айрықша маңызды орын алатыны әскери қару-жарақтар болып табылады. Олардың сапасы мен ерекше бітімі сол замандағы алдыңғы қатарлы жетістіктердің айқын үлгісі деуге де болады. Онсыз Еуразия кеңістігінде Түрк империясы  қуатты билік жүргізу  мүмкін емес еді. Түрк әскери қару-жарақтарды дайындайтын арнайы  әскери корпус та болды, онда дәстүрлі әрі ұрпақаралық сабақтасқан шебер ұстаздар жұмыс атқарды, олардың қолынан туындаған қылыш, семсер, садақ оқтар ең жетілген қару-жарақтар саналды.

Осы ретте қоса айтарымыз, түрктердің қылышы ерекше қатты болаттан жасалынған өткір  әрі түзу пішінді  болды. Бұл қылыш Орталық Азияның өзге халықтарына үлгі болған еді.  Бір мысал келтіре кетсек, Күлтегін байырқұдың ақ айғырын мініп соғысқанда қарсы келген үш жауынгердің біреуін садақпен атып, екеуін найзамен түйреп, қылышымен ұрып соғады,  ол  өткір қылышымен бір батырдың денесін екіге бөліп жарып, одан да өтіп оның атын кесіп тасағаны көне түрк мәтінде баяндалады. Ал,  осы соғыста Күлтегін мінген ақ айғырдың  омыртқасы мен белі үзіліп кеткен. Бұдан Күлтегін  ұстаған болат қылышқа, оның күшіне төтеп беретін бірде-бір батыр сол заманда болмаған деп айтуға толық негіз бар. Шындығы да сол, Күлтегін соғыс-жорықтарға аттанып ұдайы жеңіспен оралған баһадүр қайталанбас тұлға еді.

            Көне түрк бітіктас мәтіндерінде соғыс тактикасынан гөрі кімдерді жаулап алғандығы туралы жазылғандықтан,  көне түрктердің соғыс-жорық өнері жайында тым аз деректер бар деген сөз. Күлтегін бітіктасы мәтінінде табғаш-қытайлардың 5 түмен (50 мың) әскерімен соғысып оларды жоқ қылып жойғандығы баяндалады.

Жалпы, түрктердің соғыс стратегиясы мен тактикасы алдын-ала ойластырылған ұтымды әрі кешенді  болса керек. Соғыстарда  әсіресе «жекпе-жек» күрестерімен қатар, жауды алыстан садақ оғымен «жаңбырлатып» атқылау, ұзын сүңгілі найзамен түйреп таптап өту, жауды бүйірінен аяқ-асты  соғу,  қоршап алып тас-талқан ету, өзен, су, жартас секілді тығырыққа тіреп барып басып алу, саны көп күшпен қаша соғысу, аңшылап қуалап құрту секілді тәсілдер болғандығы хақ.

Қазіргі Моңғолияның орталық аумағында орналасқан  көне түрк  дәуірінің «Өнгөт» ғұрыптық кешенінде жүргізілген археологиялық қазбалар барысында «сірге» (моңғолша: шөрөг) деп аталатын  төрт аяқты үшкір темір қару табылған еді Бұл қарудың ерекшелігі сол, оны жерге тастағанда бір үшкір ұшы жоғары қарап қадағалатындығында. Осы қаруды соғыстың қаша соғысу тактикасында жаудың аттарына қарсы қолданған. 

Ғылыми әдебиет

Баяр, 1979; 

Монгол нутаг дахь түүх соелын дурсгал, 1999.

Степи Евразии в эпоху средневековья, 1981;

Худяков, 1986 ; Худяков, 1990, Ахметжанов, 1996;  Горбунов, 1998; Худяков, 2003; Бобров, Худяков, 2008; Кубарев, 2005.

Қытай деректемелері, 4. 67

Пікір қалдыру