Көне соғды, брахми жазулы ескерткіштер

Жалпы мәлімет

   Көне түрктер аз уақыт болса да соғдылардың дыбыстық әліппесі саналатын соғды жазуын қолданған. Бұл жазуда дауысты және дауыссыз дыбыстарды белгілейтін 14 (кейін 20) әріп бар. Мәтін оңнан солға қарай жазылады. Соғдылар қолданған бұл жазу ежелгі финик, арамей, сирий жазуларына  негізінделініп Соғдиан жерінде (қазіргі Өзбекстан мен Тәжікстан шекаралық аумағындағы Зеравшан, Қашқадария өңірінде) пайда болған.

     Ал, брахми жазуында 50-ге жуық буын таңбалаған. Жазу солдан оңға қарай жазылады. Бұл жазудың әріп таңбалары арамей, үнді жазуларына өте ұқсас келеді, Оңтүстік-Шығыс Азияда көптеген түрлері кеңінен таралған.

     Соғдылықтар көне түрктердің Еуразиядағы батыс-шығыс елдерінің сауда-экономикалық делдалы ретінде аса көп қызмет атқарды. Жібек жолы бойында қазіргі Тәжікстан мен Өзбекстанның Зеравшан, Қашқадария өзендерінің алқабында мекендеген соғдылықтар Түркі қағандығына бағынышты болды.

    Көне түркі дәуірінде соғды тілінде жазылған біршама ескерткіштер мен деректер бар. Оның себебі, соғды тектестер түрк, қытай, парсы, византия елдерінің аралағындағы сауда тораптарында дәнекер саудагер, отырықшы әрі, манихеизм мен будда дінін ұстанушы халық болды. Олар семит тектес жазуды қолданған. Сондықтан да, Түрік Елінің алғашқы қағандары соғдылықтармен ұдайы саяси-экономикалық қарым-қатынастар орнатқан, әсіресе соғдылықтарды сауда-саттық қатынастарға жиі пайдаланған. Яғни, түрктер соғдылықтармен сауда-экономикалық қарым-қатынастары арқылы көне соғды жазуын кеңінен қолданылғанын көреміз.

 Татпар қаған (Таба/Тасбар (571-582 жж.),  ғұрыптық кешеніндегі құмдақ бітіктастың үш қапталында көне соғды жазулы (29 жол), ал төртінші қапталында брахми (30 жол) жазуы сақталған. Нири  қаған (587-599 жж.) дәуірінің «Кіші қонақай» ғұрыптық кешені бәдізінде көне соғды тілді 20 жол мәтін қашалған. Сонымен қатар, Нири қаған дәуіріне қатысты «Хүйіс толгой» ғұрыптық кешеніндегі екі бітіктаста брахми жазулы мәтіндер бар.

 Сонымен қатар, Тардұ қаған (576-603 жж.) билік еткен Шаш, Ферғана, Бұқара өңірінен табылған монеталарда билеушілердің есімдері көне соғды жазуымен жазылған. Түргеш мемлекеті (699-766 жж.) кездеріңде де аталмыш соғды жазулы монеталар кеңінен сауда айналымында қолданылған. Сонымен қатар, Ұйғыр қағандығы дәуірінде "Ай Тәңіріде Құт болған Алып Білге Тәңірі Ұйғыр қағанға" (808-832 жж.) орнатылған бітіктас көне түрк, соғды және қытай тілінде жазылған.



65y65y13 Қаңтар, 2018

5y56y

Пікір қалдыру