Түрктердің ордалық қалалары мен бекіністері

Жалпы мәлімет

           Қазіргі Орталық Азия мен Қазақстанның шұрайлы алқаптарында көне түрк дәуірінің көптеген ордалық қалалары мен бекінісітері, сауда керуен сарайлары, қалашықты елді мекендері молынан шоғырланған. Қазіргі Қазақстанда, Моңғолияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Түркіменстанда, Шығыс Түркістанда  көне түрк дәуірінің ежелгі және көне ордалық қала, қалашық, қамал, бекініс сияқты архитектуралық құрылыстар көптеп кездеседі.

Жалпы, Қазақстанда сауда-саттық ірі жол торабының бойында болғандықтан көптеген қалалар бой көтерген, олар көне түрк дәуірінде  қарқынды дамыған, кейбір қалаларда ақша (монета) соғатын орындар да болды. Археологиялық зерттеулер бойынша көне түрк дәуірінде Отырар, Ясы, Сайрам (Испиджаб), Будухкет, Сауран, Женд,  Тараз, Кенже, Навекат, Суяб,  Баласағұн, Сарайшық, Сығнақ, Барчкенд, Бозок, Талғар, Шаш, Ферғана, Бұқара секілді жүздеген қалалар, елді мекендер болды. 

Сонымен қоса, қазіргі  Моңғолияда б.з.д. II ғасырдан б.з. XVII ғасыр аралығында 300-ге жуық қала, тұрақты орындары бар екендігі, олардың көпшілігі хұннұ, түрк,  ұйғыр, қыдан, моңғол дәуірлері және манжұр-цин кезеңдеріне байланыстылығы анықталынған.

Ал,  Түрк Елі империясына қатысты, сол дәуірлерде салынған деген қала, қалашық құрылыстары аталмай келеді, тіпті ол жайында зерттеулер мардымсыз. Бүгінге дейін Моңғолияда жүргізілген қала археологиясының зерттеулері көбінесе хұннұ, қыдан, моңғол дәуіріне қатысты тұстарына баса назар аударғанын байқауға болады. Ал көне түрк дәуірінің қала құрылыстарына байланысты археологиялық зерттеулері өте аз. Ондай зерттеулері тек ғана іздестіру, сипаттама беру, бірлі-жарым қазба жасау деңгейінде ғана қалған деуге болады.

kLB-Balïq > Балық.  Көне түрк тілінде «қала, қалашық» деген сөз. Көне түрктерде  «балық» дегеніміз  төртбұрышты салынған арнайы қоршау қорғаны бар,  биік қамалды бір немесе бірнеше қақпалы құрылыс. Осындай қала  қағанның негізгі ордасы, қыстауы болды. Бұл қалада тек ғана  қағаннан кейінгі ең жоғарғы дейгейдегі билік-төрелік  иелері, олардың «бөрү» қорғаушылары, көмекші қызметшілері өмір сүрген. «Балық»-қа йабғұ, шад, бұйрұқ, бектер, тегіндер және әскери-әкімшілік жүйесінің тамғачы, бітікші т.б. лауазымды иелері ғана кіруге хұқықты болды.  Бұған қоса қаған ордасының айналасында көптеген тұрғын үйлер, алуан түрлі құрылыстар, сауда мекендері де бой көтерді.

UDRU-Ordu > Ордұ //орда.  Қағанның жайлау, күзеудегі ақ ордалық көп қанатты киіз үйлері. Қағанның ақ боз үйі арбаға жегіліп орнатылады. Кейбір деректерде қағанның үйі алтыннан көмкерілген киіз үй болды деп кездеседі. Ордұ құру кезінде қағанның ақ боз үйінің сыртында дөңгелене қоршаған 3 үй (тегіндер, қатұндар, жеке ішкі бөрүлер) қонады. Одан кейінгі біршама алыс шеңберлерде әскери қолбасшылары йабғұ, шад, апа тархан және сыртқы бөрү қорғаушыларының 9 үйі тігіледі. Киіз үйлердің аралығы сырттан қарағанда өзара тұтас іспетті жалғасқан нығыз болып көрінеді. Осы шеңбердің сырт бойында қағанның қол астындағы негізгі түмендік, көрүг елшілері, қарауылшылары қоныстанады. Ордұның осындай құрылымы Балыққа жетіп орныққанша сақталады. Алысқа жорыққа аттанғанда Ордұ құрамы бірге ілеседі, ол соғыс майданына жақын жерде қоныстанады.  Бұл атау моңғол тілдерінде   ordun> ordu > орд (орда, сарай) тұлғасында сақталынған. 

NGRUQ-Qorgan> Қорған.  Ұзын қамалды қорған.  Көне түрк бітіктастарда «Мағұ //Мағы  қорған» деген жер аты кездеседі.  

Пікір қалдыру