Көне түрк ғұрыптық кешендер

Жалпы мәлімет

Көне түрк дәуірінің  (Vi-XII ғасырлар) ғұрыптық  кешендері  Еуразия аумағында әсіресе, Орталық Азияда  өте мол кездеседі.   Ғұрыптық кешендердің  көпшілігінде  мүрде болмайды, олардың басым көпшілігі көне түрктердің ордалық мекені  қазіргі  Моңғолияда, Қазақстанда, Қырғызстан, хакасияда, Тывада, Алтайда  көптеп,   жалпы саны 200-ге  жуық ғұрыптық кешендері анықталынған, сонымен қатар Орталық Азияның  басқа да аумақтарында кездеседі. 

Түрктердің ғұрыптық кешендерінен қазірге дейін  адамның мүрдесі немесе мәйіт өртенген орындары табылмаған. Сондықтан да  бұлар жерлеу орын емес, ғұрыптық жосын-жоралғылар атқаратын,  арнайы табынушылқ қызметтер атқаратын кешен деп танылады.

Көне түрк ғұрыптық кешендерінің көпшілігі қаған, тегін, йабғұ, тархан, чұр, тұдұн  және басқа да,  далалық көшпелі этносаяси бірлестіктердің билік иелерінің,   түрк бекзаттарының құрметіне арналып жасалынды. Қарапайым халықтарға арналғандары да бар. 

Жалпы,  мүрдені оның ат әбзелдерімен қоса,  Тәңірге аттандыру үшін көміп жерлеу салты кеңінен таралғандығы археологиялық қазбалардың нәтижелері  барысында анық болып отыр.  Көне түрктерде мүрдені «кіндік қаны тамған жеріне», туған топырағына  көмген, сондай-ақ құпия бір жерге жерлеген соң,  оған арнайы  ғұрыптық кешендерді сол өңірде салған.  Мұнда  марқұмның құрметіне  арнап кешен, қорған, барық жасап, олардың  күншығыс жағында  бейне тұрпатын тастан мейлінше көркемдеп қашаған  бәдіз  орнатқан. Осылайша адам мүсінін жасау  яғни бәдіз қашау түрктердің  Тәңірлік дүниетанымына негізделінді.  Сөйтіп, осы жерлерде марқұмның аруағына тағзым ету, ас беру, жиын жасау секілді саяси-әлеуметтік маңызды этноғұрыптық жосындары орындалды.  Мұнда ата-бабаларға тағзым ету, олардың «мың жылдық, түмен күндік»  дәстүрлі  жолын берік ұстану,  сол негізде ұрпақаралық байланыстарды бекіту, ру-тайпалар, этносаяси бірлестіктердің береке-бірлігін  сақтау секілді  қоғамдық аса маңызды іс шаралардың  ұйытқысы жатыр.   

Көне түрк ғұрыптық кешенінің  құрамында  арнайы кесене-күмбез (barïq >барық),  мәтін жазылған bitiktaš > бітіктас,  оның тұғыртасы немесе  тасбақасы, bediz > бәдіз (тасмүсіндер), balbal > балбал (саны 10 - 1000 данадан астам)  және жануарлар (арыстан, жолбарыс, қасқыр, бұғы, тауешкі, қой және басқа) мүсіндері секілді басқа  құрамдас бөліктері  қамтылды. Осы кешендерде аза тұту, ас беру, жылдығын беру немесе аруаққа бағышталған сый-құрметтері үшін қоғамдық-әлеуметтік ерекше маңызды  yoγï > йоғы ( жоқтау)   ғұрыптық  жосындары атқарылды. 


Пікір қалдыру