«Шивээт улаан» ғұрыптық кешені және таңбатасы

Жалпы мәлімет

 Ғұрыптық кешен байырғы түрктердің атамекені, Орхон ескерткіштерінде жиі айтылатын Моңғолия даласындағы киелі Өтүкен жазығында, Ханұй, Күнүй атты қос өзеннің түйіскен жерінде орналасқан. Ғұрыптық кешен құрылысының жалпы көлемі 120х45 метр алаңды қамтиды. Кешен жанартау жынысты тастан қаланып салынған. Онда сегіз қырлы бас құрылыс, екі бөліктен тұратын қамал, 11 мұнара, қақпа, таңбастас, адам және арыстан, қой бейнелі бәдіз-мүсіндер және олардың тұғыртастары жатады. 

Кешеннің күншығыс тарапында таңбатас тұғыры және оның алаңы (6,50х6,50 м) қамалдың сыртында орналасқан. Кешенге кіретін арнайы таспен қаланған жол және қамал қақпасы бар (ені-4,96м). Қақпаның сыртқы әрі ішкі босағаларында екі-екіден биіктеу етіп қаланған төрт тастұғырлар бар. Қақпадан кіргенде оң және сол жақта таспен қаланған ішкі кіреберіс алаң «қорық» (17,9х4,58 м) бар. Бұл келушілердің жосын жоралғылар атқаруға дайындалатын алаңы тәрізді. Осы алаңның ортасында арнайы салынған негізгі тас жолдың оң, сол жағында биіктеу келген екі тас тұғыр қаланған. Қақпа, кіреберіс алаңда 6 тұғырлар анықталынды. Бұлар арыстан мен қой мүсіндерінің тұғырлары болуы керек.

Одан ары кешенді екіге бөліп тұрған шығыс алаң (35,30х33,6 м) және 60 см дөңестеу батыс алаңы бар. Батыс алаңға кіретін оңтүстік және солтүстік бөліктерінде екі саты (2,05х2,15 м) қаланған.

Дөңестеу салынған батыс алаңның орта тұсында таспен қаланған тұғыр (4,53х4,65 м) бар. Одан ары төртбұрыш пішінді тас қаландылы (2,1х1,8м) тұғыр орналасқан. Бұл бітіктас немесе осы кешеннің құрметіне арналған билік иесінің тасмүсінін орнатқан тұғыр болса керек. Одан ары сегіз қырлы басқұрылыс және оның фундаменті орналасқан. Сегіз қырлы бас құрылысты бұрын ертеректе бірнеше мәрте қазып тонаған, 6 шұңқыр, ортасы әбден шұңқырланып қазан секілді болып кеткен. Сегіз қырлы бас құрылыстың батыс солтүстік, солтүстік қабырғалары толығымен тоналған.

Таңбатастың биiктiгi – 1,54 м, енi-0,41 м, қалыңдығы-0,12-0,15 м. Таңбатас көкшіл түстi базальт тасынан (жанартау жынысты тұнбатастан) жасалынған. Оның тегістелінген бет жағында 45-60 дана таңба бар, олар 0,5-0,1 см тереңдікте әр түрлі өлшемде соғылып қашалған, кейбірі көмескіленіп өше бастаған. Таңбалар бір-біріне жалғаса желілес қашалғандықтан олардың жалпы бір немесе екі және т.б. болуы, қосымша сызық, сызбалары толық зерттелген жоқ.        

Еуразия көлемінде өзінің бітімімен қайталанбас, ерекше дараналатын бүгінге дейін "сегіз қырлы, бір сырлы" жұмбақ болып келген "Шивээт улаан" ғұрыптық кешені болып табылады. 





Ғылыми зерттеулер

"Шивээт улаан" ескерткішін алғаш 1909 ж. финляндиялық атақты алтаист ғалым Густаф Йохан Рамстедт, археолог, этнограф Сахари Пелси және 1912 ж. лингвист Арво Сотавалта көмекшілерімен орталық және солтүстік Моңғолия аумағында кең зерттеулер жүргізу барысында анықтады, сөйтіп дүниежүзі ғалымдары назарына жеткізген болатын.

Г.Й.Рамстедттің экспедициясы ескерткіштің жалпы жоба сызбасын, таңбастас пен құрылыстың өлшемдерін анықтап, кешеннің жаңғыртпасын жасап, адам, жануарлар тасмүсіндерін фотосуреттерін алады. Зерттеушінің жарияланымдарында кейбір тасмүсіндердің бас тұстары алғашқы орнында болғандығын дәлелдейтін фотосуреттер бар. Г.Й.Рамстедттің жетекшілік еткен экспедициясының алғашқы зерттеулері мол деректерді сақтап қалғандықтан аса құнды болып саналады.  

1927 ж. "Шивээт улаан" ескерткішін бурят ғалымы Балжи Бамбаев көріп, кешенде 8 тасмүсін болған деп жазады. Сол жылдары жергілікті тұрғын Д.Дамдинсүрэн аталмыш кешен туралы Моңғолия Сутра жазба қоғамына мәлімдеме жасаған екен. 

Ал, 1956 ж. моңғол археологы Ц. Доржсүрэн ескерткіш кешенді зерттеп, оның фотосуреттерін алады. Кешеннен батыс солтүстікте 10 км жерде орналасқан «Жанцан тойн лама» монастрында апарып қойған таңбатастың сызба суреттерін жасап, "Шивээт улаан деген не?" тақырыбында арнайы ғылыми мақала жариялайды. Ц.Доржсүрэн мақаласында жалпы ескерткіштің зерттелуі тарихы жайында сөз қозғап, Б.Бамбаев көрген кезінде 8 тасмүсін болғандығын, ал өзі ескерткіш орнында 6 тасмүсін көргендігін, тасмүсіндердің бастары барлығы толығымен қиратылғандығын және де таңбатасты, кейбір тас бөліктерін 20 жыл бұрын 1930 жылдары Архангай аймағы Хайрхан сұмыны Жанцан тойн монастры ауласына ғибадаттық тақта ету үшін ламалар әкеткендігін айтады.

1976 ж. Моңғолия Тарих, археология институтының археолог-ғалымы Д. Цэвээндорж Шивээт улаан кешеннің жалпы жоба сызбасын жасаған болатын. Сол жылдары Совет одағы Моңғолияның тарих-мәдени бірлескен экспедициясының (СМИКЭ) қызметкерлері В.В. Волков, С.Н. Кореневский ескерткіштің жобасын тағы да жасайды.

1977 ж. С.Г. Кляшторный аталмыш ескерткіш кешен жайында арнайы мақалалар жариялап, «Шивээт улаан» кешеніндегі таңбатастағы таңбалары ғұрыптық жосынға қатысқан ру-тайпа өкілдерінің белгілері болуы керек, сондықтан Екінші Түрк қағандығының негізін қалушы Елтеріс (Құтлық) қағанға арналып орнатылған кешен деген болжамын ұсынған еді. Сонымен қатар, 1996 ж. В.Е.Войтов, С.Н.Кореневский, 1997 жылы Д.Баяр, В.Д.Кубарев кешеннің жалпы жобасы мен тасмүсіндер жайында арнайы зерттеулерін жариялады.

В.В.Войтовтың пікірі бойынша таңбатастағы таңбалары Екінші Түрк қағандығын орнатушы, қытайлық Таң мемлекетіне қарсы көтерілісті ұйымдастырушы Елтеріс қағанның (Құтылық) қолдаушы бекзаттары мен түрк ру-тайпаларының таңбалары. Моңғол археологы Довдойн Баяр Шивээт улаан кешендегі екі қолын қаусырып ұстаған қайғылы бейнелі тасмүсіндер Күлтегінге арналған ғұрыптық кешендегі тасмүсіндермен ұқсас екендігін, таңбатастағы таңбалары көне түрк ру тайпалардың таңбаларына өте жақын екендігін ерекше атайды.

«Шивээт улаан» ескерткіш кешенінде 1998 жылы Моңғолия-Жапония бірлескен экспедициясы да зерттеген. Кешендегі тасмүсіндер жайында Тошио Хаяши талдауларын жариялады. Сонымен қоса, 1999 жылы баспадан жарық көрген "Моңғолия жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштері" ("Монгол нутаг дахь түүх соелын дурсгал") топтамалық анықтамада Шивээт улаан кешені жайында арнайы мақала мен кейбір фотосуреттері, ал, 2001 жылы түрк тілінде жарияланған "Моңғолиядағы түрк ескерткіштері жобасының альбомында» ("Moğolistandaki Turk anıtlari projesi albumu") кешендегі тасмүсіндер фотосуреттері жариялаған.

"Мәдени мұра" стратегиялық бағдарлама (2003-2009 жж.) аясында 2003 жылы «Шығыстану» секциясының археографикалық экспедициясы «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенін арнайы зерттеп, кешендегі таңбастастың сызбасы, тасмүсіндердің фотосуреттері және өлшемдері, сызбалары жарияланды. Ал, 2007, 2015 жылы Шивээт улаан ғұрыптық кешенінде археологиялық барлау жұмыстары жүргізілді, кейбір нәтижелері жарияланды.

Сонымен қатар, 2015 жылы Дархан Қыдырәлі, Гайбулла Бабаяров "Түрк мәңгі тасы: Шивээт улаан таңбалы ескерткіші" деген монографияда аталмыш ғұрыптық кешеннің құрамдас бөлігі таңбатастағы таңбалардың сипаттамасы мен тарихи негіздері туралы бірқатар талдаулар жүргізіп, "Шивээт улаан ғұрыптық кешені Екінші Шығыс Түрк қағандығының (682-744 ж.ж.) негізін қалаған Құтлық Елтеріс қаған (682-691 ж.ж.) кезеңінде орнатылған болуы керек деген болжам жасайды. Жазбаша деректер мен табылған археологиялық заттарды салыстыра, Шивээт улаан таңбаларының қандай тайпаларға тиесілі болғандығын айқындай отырып, Көктүрк қағандығы кезеңіндегі ашина, ашида, басмыл, бұғы, едіз, хазар, қарлұқ, қай, қырғыз, қидан (қара қытай), құн, оғыз (баяндұр, еймүр, іғдір, языр), сір (қыпшақ), тоңра, түргеш, ұйғыр, яғлақар және басқа түрк тайпалары таңбаларының орналасқаны байқалады. Шамамен 50 таңбаның бір жерде болуы осы кезеңде көптеген түрк тайпаларының көбісі тұтас бір саяси бірлік - федерация құра отырып, бір саяси шаңырақтың астына біріккендігін көрсетуде" деп қорытындылайды. Сонымен қатар Шивээт улаан ғұрыптық кешеннің жаңғыртпа сызбасын ұсынады.

Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Тарих және археология институтымен 2016 жылы 23 мамырда қол қойып бекітілген Келісім-шарт негізінде бірлесе өткізген «Шивээт улаан – 2016, 2017» археологиялық экспедицияларын атап өту керек. 

Көне түрк дәуірінде билік тұлғаларына арнайы ғұрыптық кешендер орнатып, мемлекеттік деңгейде жосын-жоралғылар атқаратын еді. Осындай рі ғұрыптық кешендерінің бірі, дүниежүзінде қайталанбас әрі бірегей, аса ірі көлемді «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде (Булган аймағы Баян-Агт сұмынында орналасқан) алғашқы қазба зерттеулерін 2016 жылы 58 күн бірінші кезеңін, 2017 жылы 45 күн екінші кезеңін екі маусым бойы жүргізді. 

Онда ғұрыптық кешеннің сыртындағы ескерткіш тастың тас қалаулы тұғыр құрылысы, оңтүстік қамалдың қақпасы, солтүстік қамалдың алдыңғы бөлігі, сегіз қырлы бас құрылыс (дың қорған) деген құрамдас бөліктері, жалпы саны 23 торкөз (шаршы) бойынша археологиялық қазба зерттеулерін жүргіздік.

Құрылыстың оңтүстік бөлігі яғни шығыс тарапынан қарағанда тас қалаулы тақта, одан кейін 4 метр аралықта қақпа орналасқанын анықтадық. Алдыңғы тұста орналасқан қамалдың қақпасының ені 4,96 метр. Қақпаның бағанасы орнатылған қамалдың қабырғасы сыртқа қарай шығыңқы әрі арнайы бекіткен тас қаландысы бар. Тас қаландының ұзындығы 6,95 метр, қалыңдығы 2,1 метр. Одан ішке қарай 17,9х4,58 метр өлшемді оң, сол жаққа бөлінген тас қаландысы бар қорықтар анықталынды. Бұл ғұрыптық жосын жорлағылар атқаратын арнайы алаң болған деп қарастырамыз. Осы алаңның орта тұсында әдейі сатылап таспен қаланған қаландысы бар және бұл бас құрылыс жаққа кіретін жол болып табылады.

Одан ары қорықтың сатысына шыққан кезде қақпаның қарсы тұсы кеңістікте өзара 6,24 метр аралықта төртбұрыш етіп жасаған биіктігі 10 см тас қаландылар бар, бұлар ескерткіштердің тұғырлары болған деп есептейміз.

Қақпаның сыртқы және ішкі оң, сол босағаларында жалпы саны 6 төртбұрышты тұғырлар анықталынды. Бұл тұғырлар арыстан, қой бейнелі тасмүсіндердің арнайы тұғырлары деп айтуға болады. Қазір таңбалы тас ескерткіш, адам және жануар бейнелі тасмүсіндері құрылыстың орта алаңында шоғырландырылған. Бұны 2009 жылы Моңғолия Мәдени мұра орталығы тарапынан Баян Агт, Хайрхан сұмынынан, Булган, Эрдэнэт қалаларынан арнайы тасып әкеліп ескерткіштің орнына жайғастырып қойған болатын.

 Ғұрыптық кешенді екіге бөліп тұрған биіктігі 60 cм тас қаландысы оң және сол жақтағы қабырғаларға дейін 35,30 метр жалғасқан және екі мұнаралы болып келеді. Ғұрыптық кешеннің оңтүстік яғни алдыңғы алаңын алғаш табиғи жартасты тегістеп өңдеп, шұңқыр жерлерін таспен бітеп жауып тегістей келе екі жақтағы қабырғалармен бірде деңгейде тепсең етіп жасаған. Солтүстік қамалдың ішіндегі қамалы да осындай әдіспен жасалынған және де оның биіктігі 60 см болып табылады. Оңтүстік қамалдан солтүстік қамалға баратын арнайы екі жол төселініп салынған.

Қазба зерттеулері барысында қамалдарды бөліп тұрған қамалдың тас қаландылары шығыс тарапына қарай біршама құлап шашырағаны анық болды.

Бұл табиғаттың әсерінен әрі адамның іс әрекеттерінен болған сияқты. Осы төседініп салынған жолы солтүстікке яғни бас алаңға кіретін оң, сол жақтағы ылди жол және олар жалпақ тастармен үш, төрт қабатты етіліп қаланған қиғаш жолдар болып келеді.

Бұдан орталықтағы бас құрылысқа кіреді және оның орта тұсында өлшемі 2,18х1,85 метр төртбұрыш пішінді тас қаландылы тұғыр құрылыс анық болды. Осы тұғырда мүмкін, бітіктас па әлде осы кешен арналған билік иесінің тасмүсінін орнатқан болуы керек. қазір сол бітіктасы немесе тасмүсіні жоғалып кеткен, әзірше табылмай отыр. Жақын мерзімдегі келесі археологиялық қазба зерттеулері барысында құрылыстың қазылмаған басқа тұстарынан табылып қалуы бек ықтимал екендігін ерекше айтқымыз келеді. 

Бас құрылысты бұрын ертеректе бірнеше мәрте қазып тонағандығы кешендегі 6 шұңқыр мен қуыстардан анық көрінеді. Қазір бас құрылыстың ортасы әбден шұңқырланып қазан секілді болып кеткен. Сегіз қырлы бас құрылыстың батыс солтүстік, солтүстік қабырғалары толығымен тоналып кеткендігі көпе-көрнеу біліп тұр.

Бас құрылыстың алдыңғы алаңын төрт сектор (D8-1, D8-2, C8-1) бойынша қазып зерттегенде таспен биіктігі 1,5 метр төртбұрыш фундаменті қалағандығы, оның үстіне сегіз қырлы құрылысты жасағандығы анық болды. Қазір сақталынып тұрған сегіз қырлы екендігі, әрбір қырының ұзындығы 7 метр, ал биіктігі 4 метр тас қабырғалы болып табыладығын осы жылғы археологиялық қазба зерттеулері барысында анықтадық.

Сондай-ақ, сегіз қырлы құрылыстың әрбір қырын сұр түсті сылақпен сылап сыртына ақ түсті әкпен ақтағандығы, кейбір тұстарында 1,5 cм қалың әк сылақтары анықталынды. Кейбір жерлеріне қара түсті бояумен сызықшалар бояп сызғандығы табылған әктердің ішінен танық байқалады. Бас құрылыс қабырғаларының тас қаландылары ішке қарай 18-25 градус қиғаш келеді. Құрылыстың қиғаш өлшемімен есептегенде аталмыш бас құрылыс алғашында шамамен 14-15 метр биік салынғандығын анықтауға болады.

Археологиялық қазба зерттеулері барысында сегіз қырлы құрылыстың фундаменті яғни қоршау тұғырының жоғары тұсынан жаңа бір адам бейнелі тасмүсін яғни бәдіз 1 дана табылды, бестаған суғалдақ гүл бейнеленген тас бұйым 1 дана табылды. Осы тас бұйым сегіз қырлы құрылыстың төбесінің құрамдас бөлігі болған болуы ықтимал.

"Шивээт улаан" ғұрыптық кешеннің тарихи мерзімін, хронологиялық уақыт анықтауда таңбатас, адам, жануар бейнелі тасмүсіндері көне түрк дәуірінің басқа да ғұрыптық кешендерінде кездесетін кескіндерімен ұқсастығы баршылық. Бұл жайында моңғол археологы Довдойн Баяр ерекше шегелеп айтқан болатын.

 

«ШИВЭЭТ УЛААН-2016, 2017» АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗБА ЗЕРТТЕУЛЕРІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ


«Шивээт улаан-2016» археологиялық алғашқы қазба зерттеулер:

Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия ҒА Тарих, археология институтының бірлескен экспедиция тобы, 2016 жылы 23 мамырда бекіткен Келісім шарт негізінде Моңғолия Булган аймағы Баян-Агт сұмынындағы "Шивээт улаан" ғұрыптық кешенде алғашқы археологиялық қазба зерттеулерін 2016 жылдың 2 шілде-28 тамыз аралығында 58күн бойында жүргізді.

Экспедицияның Халықаралық Түркі академиясы тобына доктор, профессор Дархан Қыдырәлі, Напил Базылхан, Қахарбек Умиров, Моңғолиялық зерттеу тобында Моңғолия ҒА Тарих, археология институтының Археологиялық зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, доктор (Ph.D), доцент Алтангэрэлийн Энхтөр, кеңесші археолог болып Моңғолия ҒА Тарих, археология институтының Археологиялық зерттеу орталығының директоры, доктор, профессор Дамдинсүрэнгийн Цэвээндорж, ғылыми қызметкерлер, археологтар Сарантуяагийн Далантайн, Цэрэнхандын Буянхишиг, Нямын Мөнхбат қатысты. Сонымен қатар, экспедицияның зерттеу тобының құрамына Моңғолия Білім университетінің Тарих факультетінің 12 студенті, автокөлік жүргізуші 3, аспазшы 2 қызметкер қатысты.

"Шивээт улаан" ("Шарбақты қызыл, дуалды қызыл") деп моңғолша аталатын бұл ғұрыптық кешен қазіргі Моңғолияның Булган аймағы Баян-Агт сұмыны Ханұй, Хүнүй өзені құйылысындағы "Шивээт улаан" деген кішігірім әрі шығыстан батысқа қарай созылып жатқан қызыл қоңыр түсті базальт жартасты төбешікте, теңіз деңгейінен 1340 метр, солтүстік ендіктің N 48.47, шығыс бойлықтың E 102.00 қиылысында орналасқан.

Сөйтіп 2016 жылғы алғашқы археологиялық қазбалар барысында кешеннің қамал қақпасы, таңбатас тұғырының алаңы, қақпа, ішкі кіреберіс қорық алаң, шығыс алаң, 60 см көтеріңкі батыс алаң, оң, сол тарапта төсеніш арнайы ылди жол, сегіз қырлы бас құрылыстың шығыс қыры (ұзындығы 7 метр, биіктігі 4 метр), фундаменті бар екендігі толық анықталынды және шығыс жақтағы фундаменті үстінен басы жоқ жаңа тасмүсін табылды. Сонымен қатар, бестаған суғалдақ гүл бейнеленген тас бұйым 1 дана, темір қапсырма, моншақ, ағаш бөлшектері, өртенген сүйек қалдықтары да табылды.

Сондай-ақ, экспедицияның барлау зерттеулері барысында Их Ханұй өзені бойындағы жартастардан Шивээт улаан таңба тасындағы таңбаларға ұқсас жаңа таңбалар 19 дана анықталынды.

Баян Агт сұмыны аумағынан қорған 2 дана, төртбұрышты бейіт 6 дана, бұғытас 8 дана, ғұн дәуірінің бейіті 2 дана, бір жерге шоғарланған 16 дана жартас петроглифтері анықталынып, ғылыми тіркеу жасалды.

«Шивээт улаан-2017» археологиялық қазба зерттеулер. Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия ҒА Тарих, археология институты бірлескен экспедициясы 2017 жылы 15 маусым-27 шілде аралығында 45 күн бойы Шивээт улаан ғұрыптық кешенінде археологиялық қазба зерттеулерін жалғастырды.

Экспедицияның Халықаралық Түркі академиясы зерттеу тобында Н.Базылхан, Н.Бөгенбаев, Моңғолия ҒА-ның Тарих, археология институты Археологиялық зерттеу орталығы тобында доктор (Ph.D), доцент А.Энхтөр, кеңесші археолог болып Моңғолия ҒА Тарих, археология институтының Археологиялық зерттеу орталығының директоры, академик Д.Цэвээндорж, археологтар С.Далантайн, Ц.Буянхишиг, Н.Мөнхбат, Г.Батболд қатысты. Сонымен қатар, экспедицияның зерттеу тобының құрамына Моңғолия Білім университетінің Тарих факультетінің 10 студенті, автокөлік жүргізуші 3, аспазшы 2 қызметкер қатысты.

2017 жылғы “Шивээт-Улаан” ғұрыптық кешеніндегі археологиялық қазба жұмыстары өткен жылғы тұмшалау кезінде салынған топырақтар мен тастарды тазалау жұмыстарынан басталды. Экспедициянің қазба жұмыстары кешеннің сегіз қырлы бас құрылыстың шығыс қырын одан ары аршып тазалау жұмыстарымен жалғасты, бас құрылыстың жаңадан үш қыры толық анықталынып тазаланды.

Сегіз қырлы бас құрылыстың төртбұрыш фундаментінің солтүстік, оңтүстік тарапындағы екі ұшы толық анықталынды. Осы бас құрылыстың салудан бұрын әр қырының ұзындығы 23,5 м төртбұрыш текше табан фундаментті таспен қаланып салғаны белгілі болды. Оның төртбұрыш алаңында сегіз қырлы құрылысты таспен қалап салған екен. Сегіз қырлы бас құрылыс пен постамент қою әк тәрізді қоспамен сыланған. Әктің құрамына күрделі қоспалар қосылған. Әк сылақ қалдықтарының арасында қандай да бір жануардың жүндері сақталған (ешкі жүні болуы мүмкін). Сылақтың бекемдігін арттыру үшін оның құрамына ешкінің сүті қосылған болуы да мүмкін. Осы ойымызды нақтылай түсу үшін сылақтың басқа бір бөлігін бас құрылыстың басқа қабырғасынан алып салыстырып көрдік. Ондағы сылақтың құрамына да жануар жүні қосылғаны анықталды.

Осы фундаменттің солтүстік алаңында кеудесі төмен қараған жаңа бәдіз тас мүсін табылды. Бұл жаңадан табылған екінші тасмүсін бәдіз болып табылады. Өткен жылғы зерттеулер барысында осыған ұқсаса жаңа тасмүсін табылған болатын.

Бас құрылыстың орта тұсы яғни сегізқырлы құрылыстың ортасына 4х4 м алаңмен шұңқырлап қазу (шурф) әдісі қолданылды, жер қабатына жақын тұсынан жебе, темір шығырық бөлшектері табылды.

Сонымен қатар кешеннің бас құрылыс алаңын аршып тазалау барысында пышақтың темір ұшы, мал сүйектері, қайың қабығы, ағаштың сынық бөлшектері, өрнекті тас сынықтары, жебе, лағыл, ақық тас моншақтар, темір қапсырмалар, орта тұсында екі тесікті дөңгелек тас сынықтары және басқалар табылды. 

Қазіргі Моңғолия территориясында арнайы ғұрыптық кешендер орнатып, мемлекеттік деңгейде арнайы жосын-жоралғылар атқаратын еді. Осындай ірі ғұрыптық кешендерінің бірі, дүниежүзінде қайталанбас әрі бірегей, аса ірі көлемді «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде (Булган аймағы Баян-Агт сұмынында орналасқан) алғашқы қазба зерттеулерін 2016 жылы 58 күн бірінші кезеңін, 2017 жылы 45 күн екінші кезеңін екі маусым бойы жүргізді.

Түрк әлемі үшін «Шивээт улаан» ғұрыптық кешені өзінің құрылымы мен бітімі жағынан айрықша аса құнды ескерткіш болып саналады. Қазба зерттеулер барысында жаңадан 2 дана тасмүсін және басқа да нысаналар табылды. 

Алдын-ала зерттеу қорытындымыз бойынша аталмыш кешен Еуразия кеңістігінде билік еткен Шығыс-Түрк империясының қағаны - күллі көшпелі этностардың басын біріктіріп, елдің тәуелсізідігін қамтамасыз еткен Елтеріс Құтлық қағанның (682-692 жж. билік құрған) құрметіне орнатылған болуы ықтималдығы басым.

«Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінің D8 секторынан алынған бөрене ағаш бөлігінің құрамына радиокарбондық мерзімдеу зертханалық талдауды Жапония, Канагава префектура Кавасаки қаласындағы Акселератор анализ институты жасады. 2017 жылы шілденің 21-нші күні, аталмыш институттың талдау нәтижесіне сүйенсек «Шивээт улаан» ғұрыптық кешені радиокарбондық мерзімдеу көрсеткіші бойынша 1297,21 немесе 1,300 +//- 20 жыл. Демек бұл біздің заманымыздың 665-671, 685-691 жылдарға сәйкес келеді. Бұл Елтеріс қағанның билік жүргізген 682-691 жылдарымен толықтай сәйкес болып тұр.

Сонымен қатар, 2017 жылы аталмыш кешенді қорғау мақсатында темір қоршау қоршалды. Шивээт-Улаан кешенінде аспан астындағы мұражай құру мүмкіндіктері қарастырылуда.

Осы экспедицияның нәтижелері мен алғашқы қорытындылары негізінде Халықаралық Түркі академиясы, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Түркия ғалымдары мен баспасөз өкілдерінің қатысуымен 2016 жылғы тамызда «Ұлы дала көшпелілері: тарихи-мәдени үндестіктер» атты ІІ далалық семинарын сәтті өткізген болатын Осылайша, Халықаралық Түркі академиясы, Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институтының бірлескен "Шивээт улаан-2016, 2017" экспедициясы

«Шивээт улаан» ғұрыптық кешені туралы толық зерттеу қорытындылары археологиялық қазба жұмыстары толық аяқталып, табфлған артефактілерге кешенді зерттеу жүрігізілгеннен кейін жаряиланатын болады.

Көне түрк дәуірінде империяның қаған, йабғұ, шад, бұйрық, тархан, тегін сынды билік иелеріне, лауазымды тұлғаларына арнайы ғұрыптық кешендер орнатып, аруағына тағзым етіп, мемлекеттік деңгейде арнайы жосын жоралғылар атқаратын еді. Солардың бірі Орталық Азияда қайталанбас әрі бірегей "Шивээт улаан" ғұрыптық кешені болып саналады. Бұл кешеннің алдағы мерзімдердегі археологиялық және тарихи-мәдени деректанулық зерттеулері нәтижесінде түрк тарихының жаңа бір қыр-сыры анықталады деп сенеміз.

Ғылыми әдебиет

Materialien  zu den altturkishen Inschriften der Mongolei.  Gesammelt G.J.  Ramstedt,  J. G. Grano und  Pentti Aalto  //  JSFOu 60-7, 91 p. incl. many plates. Helsink, 1958.

  Granö J. G. Archaologische Beobachtungen von meiner Reise in  Sudsibirien und der Nordwestmongolei in Jahre 1909. SUSA,  JSFU . XXVIII, 2. Helsingfors. 1910.1-67.

  Granö J. G. Uber die geographische Verbreitung und die Formen der Altertümer in der Nordwestmongolei. SUSA,  JSFU . XXVIII, 2. Helsingfors. 1910. 1-55.Бамбаев Б.  Предварительный отчет  Бамбаева Бальджи о работе в этнолог-лингвистичнском отряде научной экспедиции АН СССР по исследованию Внешней Монголии и Танну-Тувы в 1927 году. ТХГБС, ф 9, хн-17.

 Доржсүрэн Ц. «Шивээт улаан» гэж юу вэ ? // «Шинжлэх ухаан техник» сэтгүүл. УБ, 1957, №1, 45-47 тал.

Oriental studies in Finland 1828-1918 by Pentti Aalto professor of Comparative Linguistics Helsinki University. Helsinki 1971,- 106-107, 123

 Цэвээндорж Д. 1976 онд Архангай аймагт ажилласан нүүдэлчдийн дурсгал судлах ангийн тайлан. ТХГБС.

 Войтов В.Е., Волков В.В., Кореневский С.Н., Новгородова Э.А. Археологические исследования в Монголиии. // Археологические открытие -1976 года. М., 1977. С. 587-588.

 Кляшторный С. Г. Эпиграфические работы в Монголии. // Археологические открытие -1977 года. М., 1978. С. 575-576.

 Харжаубай С. Шивээт улааны цогцолбор дурсгалан. Studia Historica. 1979, том-14, fasc -2, 15-25 т.

 Харжаубай С.   Шивээт улааны цогцолборын тухай дахин өгүүлэх нь //  Археологийн судлал, УБ., 1982.  том-10, fasc-7, 103-120 т.

 Войтов В.Е.  Древнетюркский пантеон и модель мироиздания в культово-поминальных памятниках Монголии VI-VIII вв. М., 1976, С. 21, 30, 36.

 Nowgorodova E. AlteKunst der Mongolei.Leipzig, 1980.-278 с.

Баяр Д.  Монголын төв нутаг дахь түрэгийн хүн чулуу . Улаанбаатар, 1997, 94-95 т. зураг 103-111. 

Кубарев В.Д., Баяр Д.   Каменные изваяния Шивет-улана (Центральная Монголия)  // Археология, этнография и антропология Евразии. 4 (12), СО РАН, 2002.  с. 74-85.

Hayashi T., Moriyasu T.  Site Of Shivet-Ulaan, Shivet-Ulaan Inscription  // Provisional report of researches on historical sites and inscriptions in Mongolia from 1996 to 1998 . Edited by Takao Moriyasu  and Ayudai Ochir.  The Society of Central Eurasian Studies, Toyonaka, Osaka University,  1999. pp. 141-142. , Монгол-Японы хамтарсан бичээс судлалын ангийн тайлан , 1988, ТХГБС.    

Монгол нутаг дахь түүх соелын дурсгал. Сэдэвчилсэн лавлах .Улаанбаатар, 1999, 133-134 х.

Mogolistandaki Turk anitlari projesi albumu .  TIKA, Ankara, 2001, sayfa 247-264.

Сартқожа  Қ.  Орхон мұралары. Астана, 2003, 118-125 б.

"Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізілген археографикалық экспедициялар жайлы есептер  // Шығыс-Shygys, Алматы, 1/ 2005, 234- 236 б.

Монгол нутаг дахь түүх, соелын үл хөдлөх дурсгал. Historical and Cultural Immovable Properties in Mongolia. VIII дэвтэр. Булган аймаг. (Зохиогч: Г.Энхбат, Б.Даваацэрэн, Р.Болд) -Улаанбаатар. Соелын өвийн төв, 2012.-40-41.

 Қыдырәлі Д., Бабаяров Г. "Түрк мәңгі тасы: Шивээт улаан таңбалы ескерткіші".-Астана: «Ғылым баспасы»,  2015,  -78. (қазақша, түркше)

Цэвээндорж Д., Энхтөр А., Кыдырлаи Д., Напил Б., Далантай С., Умиров К., Буянхишиг Ц., Мөнхбат Н.   "Шивээт улааны археологийн дурсгалын малтлага судалгаа" экспедицийн 2016 оны хээрийн шинжилгээний ажлын тайлан // Монголын археологи-2016. -Улаанбаатар, 2017.-205-217. 

Қыдырәлі Д., Цэвээндорж Д., Энхтөр А., Базылхан Н., Далантай С., Буянхишиг С., Умиров К., Мөнхбат Н.  «Шивээт улаан-2016» археологиялық қазба зерттеу нәтижелер. «Шивээт улаан-2016» археологийн малтлага судалгааны үр дүн. -Астана, 2017.- 68.

Қыдырәлі Д., Цэвээндорж Д., Энхтөр А., Базылхан Н., Далантай С., Буянхишиг С., Умиров К., Мөнхбат Н.  «Шивээт улаан-2016, 2017» археологиялық қазба зерттеу нәтижелер. «Шивээт улаан-2016, 2017» археологийн малтлага судалгааны үр дүн. -Астана, 2017. Қазақша, моңғолша, - 143.

 

Мәтін

Шивээт улаан  кешеннің құрамдас бір бөлігі  төртбұрыш жалпақ тұғырлы, ұңғылы тас ескерткіш  яғни таңбатас болып табылады.  Таңбатастың ұңғысы сынып кеткен, тас ескерткіштің бет тұсында көптеген таңбалар қашанылып сызылған.

  Таңбатастың жоғары тұсы домалақ етіліп өңделінген, төмеңгі тұсы түзу төртбұрыш пішінді.  Тас ескерткіштің таңбалы бет тұсын  жалтыратып тегістеп жасаған. Артқы жағын қашап тегістеген. Қырларын да қашап тегістеген іздері көрінеді.

   Тас ескерткішті жанартау жынысты көк сұр түсті базальт тастан жасаған. Осындай тастар кешеннің айналасындағы жартастарда молынан кездеседі.

  Таңбатастың өлшемі: жалпы ұзындығы 223,5 -224 см, жоғары тұсының ені  80-81,5 см,   төменңгі тұсының ені  83-84,5 см,   жалпы қалыңдығы  21-22 см.

   Тас ескерткіштің жалпы салмағы шамамен 2-3 тонна.

   Ұңғысының  өлшемі: жалпы ұзындығы 53,5 см, қалыңдығы 21-22 см.

  Тұғыртастың өлшемі: жалпы ұзындығы  150,5 - см, жоғары тұсынң ені 87,5 см,   төменгі тұсының ені  83,5, қалыңдығы  45-51 см.

Mehmet Ölmez30 Қараша, 2019

Yukarıda "Şiveet Ulaan Anıt Külliyesi ve Bitig Taşı" yazmakta. Eğer orada yazılı bir taş var ise (= bitig taşı?) bu çok çok önemli bir haber, Yazılı taşın resminin de paylaşılmasını beklerim. Eğer yazılı bir taş yoksa başlıktan "bitig" sözünün çıkartılması gerekir.

Пікір қалдыру