"Кодекс Куманикус" («Кумандардың кітабы»)

Жалпы мәлімет


 

Жалпы мәлімет:  Қолжазба осы күні Венециядағы Марк әулиенің шіркеуінде сақтаулы. Сырты былғарымен қапталған (XVIII ғасырда).

Түпнұска  82 парақтан (164 беттен) тұрады. «Кодекстің» алғашқы бетінде «1303 жылы 11 июль» деген жазу бар. ХІП ғасырдың екінші жартысында құрастырыла бастап, XIV ғасырдың басында ғана аяқталған. Қолжазбаның жазылған жері мен жазылу мақсаты туралы мәселе анық емес.

Қолжазба екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде:

1) Латынша-парсыша және куманша сөздік. Сөз тізімі латын алфавитінің тәртібімен берілген. Әр тілдің сөзі жеке-жеке колонкалар арқылы жоғарыдан төмен қарай тізіліп келеді.

2) Куман тіліндегі үстеу сөздер және олардың латын тіліндегі баламалары.

 3) Куман тіліндегі есімдер мен есімдіктердің септелу үлгісі және ондағы куман сөздерінің латынша аудармалары.

4) Лексикалық мағыналарына қарай 40 топқа бөлініп берілген латынша-парсыша және куманша сөздік.

Екінші бөлімде :

1) Куманша-немісше және латынша сөздік.

 2) Куманша жазылған текстер.

3) Латын тілінде жазылған куман тілінің қысқаша грамматикалық очеркі.

 4) Итальян тілінде жазылған өлеңдер. Әдетте, мұны Петрарканың өз қолымен жазылған шығармасы деп есептейді.

5) Латын тіліндегі бір етістіктің жіктелу үлгісі және латын тілінде жазылған текстер.6) Жазылмай бос қалған беттер.

Құрылысына қарағанда, «Кодекстің» бірінші бөлімі таза практикалық мақсат көздеп жазылған. Ол – тіл үйрену, сол үшін жарамды оқу құралын жасау. Екінші белім кумандар арасында христиан дінін уатыздау үшін жазылған да, діни кітаптардан әр түрлі үзінділер әдейі куман тіліне аударылып берілген. Мұнан басқа бұл бөлімде жеке сөздер, сөз тіркестері мен сөйлемдер, 50-ге тарта жұмбақ, дін басыларының өмірі мен істері жайында хикаялар бар. Аударманың сөз құрау тәсілі мен грамматикалық құрылысы кумандардың байырғы тіл ерекшелігінен әлдеқайда алшақ жатыр. Сондықтан да сөйлемдері барынша икемсіз де орашолақ жасалған.Бірінші бөлім бес түрлі колтаңбамен (почеркпен) жазылған. Оны жазған итальяндықтар болса керек. Екінші  бөлім (он төрт түрлі қолтаңбамен   жазылған)  немістердің   қолынан шыққан. Осыдан барып,   әдетте,   бірінші бөлімді   «итальяндық кодекс» (немеее «итальян бөлімі»), екінші бөлімді «неміс бөлімі» деп атайды. Екі бөлім де готикалық көне шрифтімен  жазылып, бірде қара, бірде қара қошқыл бояулы сиялармен өрнектелген.

Ғылыми зерттеулер:         «Кодекстің» бірінші бөлімін ең алғаш француз тіліне аударып бастырып шығарған көрнекті ориенталист, синолог, академик Генрих Юлий Клапрот (1783-1835) болды. Ол өзінің «Азия туралы зерттеулер» деген диссертациялық жұмысында қолжазбаны «Ф.Петрарка кітапханасынан алынған латынша-парсыша-куманша сөздік» деген атпен жариялады (Париж, 1828 ж.)

«Кодекс Куманикусті» екінші рет түгелдей (екі бөлімін де) латын тіліне аударьш, 1880 ж. Г. Кун Будапешт қаласында бастырды. Баспа үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде «Алғы сөз» бен үлкен «Кіріспе» бар. Кіріспеде кумандардың тарихы, олардың басқа түрлі халықтармен (хазарлармен, печенегтермен, массагеттермен, Туран ойпатын жайлаған тағы басқа тайпалармен, орыстармен) қарым-қатынасы, ру-тайпалық кұрылысы, (аномастика мен топонимика бойынша) ерекшеліктері, діні, саяси-әлеуметтік құрылысы сияқты мәселелер сөз болады. Екінші бөлімде «Кодекстің» текстері мен олардың латын тіліндегі аудармалары келтірілген. Үшінші бөлім куманша-латынша (2838 сөз), парсыша-латынша және немісше-латынша сөздіктерге арналған. Оның үстіне, баспада қосымшалар, түзетулер және әдебиет көрсеткіштері де бар.

 «Кодекс Куманикус» үшінші рет В.В.Радловтың аудармасымен Санкт-Петербургте басылып шықты (1887). Бірақ бұл толық аударма емес: Г.Кун баспасының әр жерінен бір үзінді алған да, оны орыс алфавитінің үлгісімен траяскрипциялап, неміс тіліне аударып берген. Бұл басылымның мазмұны мынадай: 1)Алғысөз. Онда куман тілінде келтірілген 15 жұмбақ талданады. 2) Куманша-немісше сөздік (2217 сөз). 3) Жеке сөйлемдер мен сөз тіркестері. 4) Куман текстері мен олардың аудармалары: 5) Сөз тізімі (3024 сөз). 6) Түзетулер (33 сөз).

1936 ж. Дания ғалымы К.Гренбек қолжазбаның түпнұсқасын (факсимилесін) басып шығарды. Бұл «Кодекстің» 4-рет басылуы еді. Мұның өзі ескерткіштің кейінгі зерттеушілеріне тұпнұсқамен жұмыс істеуге мүмкіндік туғызып, кейбір сөздің дұрыс-бұрыстығы туралы осыған дейін болып отырған айтыс-тартыстан құтқарды.

«Кодекс Куманикустың» соңғы, бесінші баспасы да К. Гренбектің қолынан жарық көрді. Ол куманша-немісше сөздік есебінде арнаулы алғы сөзімен қоса жарияланды (1942 ж., Копенгаген, 2728 сөз).  Онда алғы сөзден басқа куман сөздерінің орфографиясы мен орфограммасы, куман тіліндегі дыбыстардың айтылу ерекшеліктері, сөз жасау тәсілдері жайында бірқыдыру әңгіме болады. Мұндағы куман сөздері латын әріптерінің негізін де жасалған ғылми транскрипциялық жүйемен берілген. Әр сөздің түпнұсқасы қолжазба бойынша дәл көрсетіліп отырылды. Сөйтіп, К.Гренбек баспасының арқасында куман сөздерінің оқылу принциптері бір ізге түсіп, көп жеңілдік тапты.

 

 

Әдебиет:

 

Codex  Cumanicus   Cod.Marc.Lat.DLXIX   In faksimile heruasgegeben  mit einer einletung  Von K.Grönbech  - Kopenhagen, 1936, -82 v.

динара21 Ақпан, 2018

күшті

Алтынай23 Тамыз, 2018

малиметтерге коп рахметимди билдиремин!

Алтынай23 Тамыз, 2018

K.Гренбек факсмилиесин кайдан алсак болады? бар болса жиберсениздер , отиниш...

Пікір қалдыру